Шығыс Қазақстандағы Бозанбай ауылы бүгінде «Бүркітшілер ауылы» деген атаумен танымал. Ұлан ауданының төрінде орналасқан бұл мекен кейінгі жылдары ұлттық саятшылық өнердің орталығына айналды. Мұнда жыл сайын өтетін «Шығыс салбурын» фестивалі де уақыт өте келе халықаралық деңгейдегі айтулы шараға ұласты, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Биыл әйгілі Бүркіттөбеде І Азия кубогінің алауы жағылып, тоғыз шет мемлекеттен және еліміздің әр өңірінен келген екі жүзге жуық саятшы бас қосты. Екі күнге созылған дүбірлі додада қыран құстардың қалықтаған сәті, саятшылардың шеберлігі, ұлттық киімдердің сәні мен көшпелі мәдениеттің көріністері үйлесім тапты.


Ауыл тойынан Азия кубогіне дейін
Бозанбайдағы бүркітшілер басқосуының тарихы 2021 жылдан басталады. Алғашқы турнирге жеті құсбегі Үржар ауданынан, алтауы Ұлан ауданынан қатысқан еді. Сол додада Үржардан келген Ырыздық Қасейін Көкшегір қыранымен топ жарды.
Арада бір жыл өткенде ауылдағы турнир «Шығыс салбурыны» халықаралық фестиваліне айналды. Моңғолия, Қырғызстан, Мажарстан және Ресейден келген құсбегілер де бақ сынап, саятшылық өнердің көркін қыздырды. Бүркіт салумен қатар тазы жүгіртіп, ұлттық дәстүрді ұлықтаған шараға көрерменнің қызығушылығы жыл санап арта түсті.
Бүгінде «Шығыс салбурын» – саятшылар асыға күтетін дәстүрлі дода. Ал Бүркіттөбе ұлттық өнердің бас қосар қасиетті мекендерінің біріне айналды.


Қыран қанатындағы өнер
Бүркітші тау басында, қағушы ойда. Құсбегі қыранын биікке көтеріп, белгі берілген сәтте томағасын сыпырады. Көк жүзінде қалықтаған қыран көздегеніне қарай құлдилап, саятшылық өнердің сан қырлы шеберлігін көрсетеді.


Бүркіт, қаршыға және ителгі салған саятшылар бірнеше санат бойынша сынға түсті. Құс пен бапкердің үйлесімі, қырағы құстың шалымдылығы мен құсбегінің тәжірибесі таразыға салынды.
Бүркіт салудан Жамбыл облысынан келген Серікболсын Жалғасұлы бірінші орын иеленді. Екінші орын астаналық Ерасыл Серікбекұлына бұйырса, үшінші орынды алматылық Аяжан Даниярқызы мен Ақмола облысынан келген Бергенбай Тастанбек бөлісті.
Қаршыға салудан Түркістан облысының өкілі Зәки Махмұтхан үздік шықты. Екінші орынды жамбылдық Берікболсын Бабажан иеленді. Ал үшінші орын шығысқазақстандық Мүбәрак Халифа-Алтай мен Ерасыл Серікбекұлына берілді.
Ителгі салудан Қарағанды облысының саятшысы Темірәлі Төлегенұлы жеңімпаз атанды. Екінші орын Бақдәулет Бабажанға бұйырса, үшінші орынды ақмолалық Ералы Тастанбек пен Әнуар Кеңес иеленді.

Ұлттық киім – саятшының сәні
Фестивальдің ажарын ашқан ерекше көріністердің бірі – ұлттық киімдер шеруі. Биыл ұйымдастырушылар саятшылыққа тән киім үлгілерін дәріптеуге де айрықша мән берді.
Құсбегінің киімі әдемі ғана емес, аңшылыққа қолайлы, ықшам әрі жылы болуы керек. Осы талаптарды ескерген қазылар алқасы қатысушылардың сырт келбеті мен ұлттық нақыштағы киімдеріне баға берді.
«Ең үздік ұлттық салбурын киімі» аталымы Моңғолиядан келген Ербол Монғолханға бұйырды. Қырық алты жылдан бері құс баптап келе жатқан саятшы үстіндегі ішік сегіз қасқырдың терісінен тігілгенін айтты.
Ал «Салбурын сәні – ұлттық киім» аталымында Алматыдан келген Таңат Ғабит үздік деп танылды.
Бұдан бөлек, «Салбурын аруы», «Үздік ұлттық ер киімі», «Сәнді этнокиім», «Үздік ұлттық әйел киімі», «Үздік ұлттық бала киімі», «Салбурын серісі» секілді бірқатар аталым бойынша қатысушылар марапатталды. Олардың қатарында Моңғолия, Қырғызстан, Ресей, Мажарстан, Испания, Түркия және Қытайдан келген саятшылар да бар.
Әр елдің ұлттық киім үлгісі, бас киімі мен әшекейі Бүркіттөбені ашық аспан астындағы этномәдени көрмеге айналдырғандай әсер қалдырды.

Алты жасар құсбегі
Бүркіттөбедегі ең кішкентай қатысушы – алты жасар Нұрасыл Бақытбекұлы. Ұлан ауданының бүлдіршіні «Мұзбалақ» атты қаршығасын көтеріп, үлкен додаға алғашқылардың бірі болып шықты.
Құсбегілікке әкесі баулыған. Оның айтуынша, отбасында саятшылық өнерге қызықпайтын жан жоқ. Әзірге бүркіттің салмағы ауыр болғандықтан, Нұрасыл қаршыға баптап жүр.

– Ұлым алты жасынан құс көтерді. Болашақта өңірдің намысын қорғап, үлкен додаларға қатысса дейміз. Әлі де дайындалып, шыңдалуымыз керек, – дейді әкесі Бақытбек Манай.
Кішкентай құсбегі фестивальдің ең жас қатысушысы атанып, арнайы марапатқа ие болды. Бұл көрініс саятшылық өнердің келешек ұрпақтың қолында жалғасып келе жатқанын аңғартқандай.

Алтайға ғашық болған шетелдік саятшы
Фестивальдің халықаралық сипатын әр елден келген құсбегілердің ұлттық киімі мен мәдениеті айшықтай түсті. Солардың бірі – Түркиядан келген Мутлу Недим. Ол Қазақ еліне төртінші рет ат ізін салып отыр.
Түркиялық саятшы Өскемен мен Алтайдың табиғатына ерекше ықыласпен қарайтынын жасырмады. Бозанбайдағы фестивальдің атмосферасына да тәнті болған.
– Қадірлі қазақ халқын өте жақсы көремін. Елін, жерін ұнатамын. Бозанбай ауылындағы той өте жақсы өтіп жатыр. Осында болғаныма қуаныштымын, – дейді Мутлу Недим.
Оның басындағы гүлді фес-қалпағы мен үстіндегі зәйбек-шапаны көпшілік назарын бірден аударды. Түрлі елден келген саятшылардың бір ортада бас қосуы фестивальдің мәдени байланыстарды нығайтудағы маңызын да көрсетті.


«Құс – жанұямыздың бір мүшесі»
Қыран баптау – сырт көзге әдемі көрінгенімен, үлкен төзім мен жауапкершілікті қажет ететін өнер. Құсбегі мен қыранның арасында жылдар бойы қалыптасатын ерекше байланыс бар.
Белгілі құсбегі Тәттімбет Кәпұлының айтуынша, саятшылық – атадан қалған мұра ғана емес, күнделікті күтім мен қажырлы еңбекті талап ететін кәсіп.
– Құс баптау – ата мұра өнер. Сол өнерді сақтап, ұрпаққа жеткізу үшін тер төгіп жүрміз. Бүгінгі ең жас бүркітшінің алты жаста екенін көріп, қуанып отырмын. Елдің ертеңі осы ұрпақ емес пе? Құс баптаудың машақаты да аз емес. Кейде бір мал сойып, соның жарты етін тұздамай қыранға сақтап қоямыз. Өйткені ол да отбасының бір мүшесі секілді. Атадан мұра болған осы өнерді ұрпақтың санасына сіңіру – біздің міндетіміз, – дейді Тәттімбет сері.
Бүркіттөбедегі екі күндік думан осылайша ұлттық өнердің сан қырын паш етті. Қыранның қанат қағысы, саятшылардың салтанаты, ұлттық киімдердің көркі мен кішкентай құсбегінің талпынысы – фестивальдің есте қаларлық сәттеріне айналды.
«Шығыс салбурын» – жай ғана жарыс емес. Бұл – ұлттың жадында сақталған дәстүрді жаңғыртып, оны әлемге танытатын, ұрпақ пен ұлысты табыстыратын үлкен мәдени басқосу.






