Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемен тұрғындарының өтініші мен ұсыныс-пікірін тыңдады, деп хабарлайды F16.kz.
Аймақ басшысының жеке қабылдауында болған қала тұрғындары көтерген мәселенің бірі — Жібек Жолы көшесіндегі он қабатты тұрғын үйдің жылумен қамтылуы.
Қала тұрғыны өз үйіндегі жылу мәселесін алғаш рет қаңтар айында облыс әкіміне жеткізген. Оның айтуынша, жылу тек төртінші қабатқа дейін жетіп, одан жоғары қабаттардағы жылу құбырлары суық болған. Жүргізілген тексеру нәтижесінде жылу үйге белгіленген температуралық кестеге сәйкес берілгенімен, ғимарат ішінде біркелкі таралмайтыны анықталды.
Мәселені шешу үшін пәтерлердегі жылу тораптары ауыстырылып, сегізінші және тоғызыншы қабаттардағы тік құбырлардың диаметрі ұлғайтылды. Сондай-ақ 29 қазанда сорғы жаңасына алмастырылды. Тұрғынның айтуынша, жөндеу жұмыстарынан кейін батареялар жылына бастағанымен, мәселе толық шешілген жоқ.
Мамандар ортақ жылу торабының жабдықтарын тексеріп, тұрғындармен келісе отырып, әр қабат пен пәтердегі жылу жүйесін реттеуді ұсынып отыр.




