Сәтбаев даңғылында салынып жатқан шеңбер жолдың бір бөлігі ашылды, деп хабарлайды F16.kz.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов тұрғындардың өтінішін, мектептерде екінші оқу тоқсанының басталғанын ескере отырып, жолайрықтың Қаныш Сәтбаев даңғылына қарай бағытталған бөлігінде техникалық қозғалысты жандандыруды тапсырыпты.
«Сәтбаев, Есенберлин даңғылдары мен Базовая, Жібек жолы көшелерінің қиылысында орналасқан жаңа жолайрық қаланың көлік көп жүретін учаскесіндегі жүктемені азайтып, тұрғындардың күнделікті қатынау уақытын қысқартуға мүмкіндік береді», — деп хабарлады ШҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Көлік қозғалысы құрылыс жұмыстарының дайын болуына қарай біртіндеп қосыла береді. Қозғалысқа берілген бөлікте қажетті жол белгілері орнатылып, жолдың бөлу жолағына қосымша бағыттаушы бағандар қойылды. Бұл учаскеде көлік жылдамдығы сағатына 40 шақырыммен шектелген.
Бірнеше күн бұрын ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жолайрықтың жай-күйімен және аяқталып жатқан құрылыс жұмыстарымен танысқан болатын. Қазіргі уақытта жол төсеміне деформациялық жіктерді орнату және нөсер кәрізі жүйесін жабдықтау жұмыстары қалған. Бұл элементтер құрылымның температура ауытқуларына төзімділігін қамтамасыз етіп, жаңбыр және еріген қар суын уақтылы бұруға мүмкіндік беретін көрінеді.
Деформациялық жіктер 8 қарашада жеткізіледі деп күтілуде. Жіктер эстакаданың әр бөлігінде кезекпен орнатылады, яғни көлік қозғалысы толық тоқтап қалмайды. Жұмыс барысында автокөліктер уақытша қозғалыс сызбасына сәйкес бағытталады.

«Ауа райы қолайлы болса, жолайрықтың Есенберлин даңғылына қарай бағытталған екінші бөлігінде техникалық қозғалысты қараша айының соңына дейін ашу жоспарланып отыр. Ал деформациялық жіктерді орнату жұмыстарын толық аяқтап, екі бағытта да тұрақты көлік қозғалысын желтоқсан айының басында іске қосу көзделген», — деп мәлімдеді облыс әкімдігінен.

Суреттер ШҚО әкімінің баспасөз қызметінен




