Өскемен мен Семейде жылу электр орталықтарын салу жөніндегі жобаларды іске асыру үшін отандық және шетелдік компаниялардан консорциум құрылған. Бұл жөнінде «Самұрық-Энерго» басқарма төрағасы Аңсар Айдаров Үкіметтегі брифингте айтты.
Аңсар Айдаровтың айтуынша, жабдықтарды жеткізумен сингапурлық компания айналысады. Жобалық құжаттаманы консорциумның басқа қатысушылары әзірлейді.
Сонымен қатар жобалауға энергетикалық нысандармен жұмыс істеуде тәжірибесі бар халықаралық компанияларды тарту жоспарланған.
Жалпы құрылыс жұмыстары тікелей қазақстандық компанияға жүктеледі.
Консорциумды басқаратын ұйым келісімшарт талаптарына сәйкес банктік кепілдіктер береді. Алайда басқарушы ұйымның, консорциумның өзге де қатысушыларының атын «Самұрық-Энерго» басқарма төрағасы атап көрсетпеді.




