Шығыс Қазақстан облысында халық санын арттыру, сұранысқа ие мамандарды тарту және ауылдардың әлеуетін көтеру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Биыл «Шығыс шақырады» жобасы аясында өңірге 67 адамнан тұратын 16 отбасы қоныс аударған. Оларға жұмысқа орналасу, баспана алу және жеке кәсіп ашу бойынша қолдау көрсетілуде, деп хабарлайды F16.kz ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Шығыс шақырады» өңірлік жобасы былтыр қабылданған. Оның негізгі мақсаты – облысқа білікті мамандар мен кәсіпкерлерді тарту, тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесу және көшіп келген отбасылардың өңірде тұрақтап қалуына жағдай жасау.
Биыл жаңа тұрғындар Риддер, Алтай қалаларына, сондай-ақ Глубокое, Катонқарағай, Марқакөл, Ұлан, Шемонаиха, Үлкен Нарын және Самар аудандарына орналасты.
Қоныс аударушыларды қолдаудағы басты бағыттардың бірі – жұмыспен қамту. Қазіргі уақытта еңбекке жарамды жастағы 26 адамның 23-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Қалған үш азамат бала күтіміне байланысты демалыста, — делінген ресми хабарламада.
Өңірде медицина қызметкерлері, жұмысшы мамандар және басқа да қажетті кадрлар тапшы елді мекендерге білікті мамандар тартуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы мақсатта «Оңтүстік – Шығыс маманы» жобасы жүзеге асырылған.
Бағдарлама аясында қатысушыларға тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдетілген ипотекалық несие беру және экономикалық ұтқырлық сертификаты арқылы бастапқы жарнаны төлеуге көмектесу қарастырылған.
Жобаның алғашқы нәтижелері де бар. Жалпы тәжірибелік дәрігер Гүлсім Кенжебекова Риддер қаласына қоныс аударып, бағдарлама мүмкіндігін пайдаланып, ипотекалық несие арқылы пәтер сатып алған. Ал Катонқарағай ауданына көшіп келген хирург пен офтальмолог және Риддер қаласына қоныстанған жерасты кеншісі бағдарламаға қатысу үшін қажетті құжаттарын рәсімдеп жатыр, — дейді облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс басшылығы өңірге жалдамалы жұмысшылармен қатар, кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарды да тартуға мүдделі. Осы мақсатта жеке ісін ашуға ниетті қоныс аударушыларға гранттар қарастырылған.
Биыл жаңа қоныстанушыларға 16 грант берілді. Қолдау тапқан жобалар мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы, сауда, өндіріс және қызмет көрсету салаларын қамтиды.
Мұндай бастамалар азаматтардың тұрақты табыс көзін қалыптастыруына ғана емес, жергілікті экономиканың дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына да мүмкіндік береді.
Қоныс аударушылар үшін баспана мәселесі де маңызды. Осы бағытта «Құтты өңір» жобасы қолға алынған.
Жоба аясында кәсіпкерлер ауылдардағы бос тұрған үйлерді сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Кейін дайын баспаналар жаңа қоныстанушыларға ұсынылады. Бұл тәсіл бір жағынан отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешуге көмектессе, екінші жағынан пайдаланылмай тұрған үйлерді қайта жандандыруға мүмкіндік береді, — деді әкімдік өкілдері.
Мәселен, марқакөлдік кәсіпкер Бауыржан Жауғашаров Ақбұлақ ауылындағы бес үйді жөндеп, экономикалық ұтқырлық сертификаттарын пайдаланған қоныс аударушыларға сатқан.
Биыл Марқакөл ауданында, соның ішінде Ақбұлақ ауылында кәсіпкерлер тағы екі үй сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бұл баспаналар келер жылы жаңа тұрғындарға ұсынылмақ.
Сонымен қатар «Бірқабатты Шығыс» жобасын дамыту мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Мемлекет басшысының 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауына байланысты бастаманы шекара маңындағы аумақтарда іске асыру мәселесі де назарға алынып отыр. Жобаның мақсаты – жеке тұрғын үй құрылысын дамыту және шекаралық елді мекендерде отбасылардың тұрақты тұруына қолайлы жағдай жасау.
Шығыс Қазақстанда қалалардан ауылдарға ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы да жүзеге асырылуда. Ол Өскемен, Риддер және Алтай қалаларынан облыс ауылдарына көшіп, жергілікті елді мекендердің дамуына үлес қосуға дайын еңбекке қабілетті азаматтарға арналған.
Бүгінгі таңда осы бағдарлама аясында 36 адамнан тұратын 11 отбасы қоныс аударған. Олардың бесеуі Марқакөл ауданына, алтауы Катонқарағай ауданына орналасты.
Өңірге көшуді жоспарлап жүрген азаматтарға ақпарат беру мақсатында «Шығыс шақырады» арнайы сайты әзірленген. Платформа altynqaqpa.kz мекенжайы бойынша қолжетімді.
Сайтта өңірлік қолдау шаралары, бағдарламаларға қатысу талаптары, сұранысқа ие бос жұмыс орындары және облыстың қалалары мен аудандарындағы баспана сатып алу мүмкіндіктері туралы ақпарат орналастырылған.
Сондай-ақ пайдаланушылар ұсынылған үйлердің фотосуреттерін, бағасы мен мекенжайын көріп, қажетті құжаттар тізімімен таныса алады.
Жалпы, «Шығыс шақырады» жобасы өңірге жаңа тұрғындарды тартумен ғана шектелмейді. Оның негізгі мақсаты – көшіп келген отбасылардың жұмысқа орналасуына, баспана алуына, кәсіп ашуына және жаңа ортаға бейімделуіне жағдай жасау. Бұл ретте ауылдардың дамуы мен шекара маңындағы елді мекендердің әлеуетін арттыру да маңызды бағыттардың бірі болып отыр.




