Қазақстандық фильмдердің дамуына, қазақ тіліндегі контенттің көбеюіне екпін қойылып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин мәлім етті.
«Қазақтелеком» — Қазақстанның цифрлық негізін қалыптастыратын және нығайтатын ұлттық инфрақұрылым операторы.
Біздің компаниялар тобы 16 млн азамат пен 270 мың заңды тұлғаға қызмет көрсетеді. Үкіметтің сенімді серіктесі ретінде 15 мыңға жуық мемлекеттік мекемені, оның ішінде 4 мыңнан астам мектеп пен 3 мыңға жуық аурухананы байланыспен қамтамасыз етеміз. Осы міндеттерді іске асыру үшін талшықты-оптикалық желінің ұзындығын шамамен 100 000 шақырымға жеткіздік. Сонымен қатар, біз отандық цифрлық сервистерді дамытып келеміз. Соның бірі — 1,4 млн пайдаланушысы бар цифрлық телевизия. TV+ — халықаралық бейнесервистермен бәсекелесе алатын қазақстандық ірі цифрлық платформа. Біз бұл платформа арқылы көрермендерге әлемдік контентті ұсынып қана қоймай, қазақстандық фильмдер мен сериалдардың дамуына, қазақ тіліндегі контенттің көбеюіне қолдау көрсетеміз. Осылайша біз ұлттық цифрлық егемендікті нығайтып келеміз, — деді Бағдат Мусин.
Осы орайда ол компанияның стратегиялық бағыты абоненттерді заманауи технологияларға көшірумен байланысты екенін айтты. Ескірген мыс желілерінің жылдамдығы секундына 8 Мбит-пен шектелсе, оптика бұдан 125 есе жоғары жылдамдық бере алады. 2024 жылдан бері осындай қызметтерді пайдаланатын абоненттердің үлесі 53%-дан 64%-ға өсті. Олардың жылдамдығы секундына 100 Мбит-тен бастап 1 Гбит-ке дейін жетеді.
Бұл бағытты үш ауқымды жоба арқылы жүйелі түрде іске асырып жатырмыз. Біріншісі — оптика құрылысы. 2024 жылдан бері 480 мың жаңа порт салынды. 2027 жылы тағы 190 мың порт салу жоспарланған. Екіншісі — «Тазарту» жобасы. 247 мың абонент мыс желісінен оптикаға көшірілді, келесі жылы тағы 146 мың абонентті көшіреміз. Үшіншісі — Sapa+ жобасы. Ескірген роутерлер талшықты-оптикалық желінің толық жылдамдығын шектегендіктен, 422 мың роутер жаңасына ауыстырылды. Кешенді жұмыстың нәтижесінде интернет жылдамдығы орта есеппен 70%-ға өсті, — деді компания басшысы.
Оның айтуынша, шалғай ауылдарға инфрақұрылым тарту кейде экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Алайда азаматтардың цифрлық қызметтерге қолжетімділігі олардың қай жерде тұратынына тәуелді болмауы тиіс.
Мемлекетпен жасалған Инвестициялық келісім аясында 3 008 ауылдың 1 183-інде бүгін интернет қолжетімді. 42 000 км желінің 16 400-і тартылды. 1 683 мемлекеттік мекеме, оның ішінде 797 мектеп пен 303 медициналық мекеме интернетке қосылды. Жобаны 2027 жылы аяқтауды көздеп отырмыз, — деді Бағдат Мусин.




