Шығыс Қазақстанда өсімдіктердің вегетациялық кезеңіне дайындық аясында қолға алынған суару каналдарын тазарту жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Жақында Шығыс Қазақстандағы «Қазсушар» филиалының мамандары Зайсан ауданындағы Кендерлік суару жүйесіне кіретін «Қаратөген» магистральды каналының 4,2 шақырымын механикалық жолмен тазарту жұмыстарын аяқтады.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің ақпараты бойынша, тазарту жұмыстарына жаңа арнайы техника тартылыпты.
– Нәтижесінде шалғайдағы шаруа қожалылықтарының егістік алқаптарына судың мол келуі қамтамасыз етіліп, жерге сіңіп кететін су шығыны азайды. Бүгінде филиал өңірдің 108 шаруашылығымен Кендірлік суару жүйесі арқылы су беру бойынша шарттар жасасты, – деп хабарлайды министрліктен.
Осыған дейін мұндай тазарту жұмыстары Ақжар (8 шақырым), Зайсан (9,3 шақырым) және Күршім (37,7 шақырым) учаскелерінде жүргізілгенін хабарлаған болатынбыз.