«Торпедо» хоккей клубының баспасөз қызметі үйқамаққа алынған ресейлік шабуылшы Андрей Лагуновпен келісімшарт ұзартылмайтынын мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
– Жаңа маусымда бізде легионерлер болмайды, сондықтан Лагуновқа келісімшарт ұсынылмады, – деп жазды «Торпедо» клубының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, жаңа маусымда Қазақстан чемпионатында (Pro hokei ligasy) легионерлерге лимит енгізілмек. Жаңа талап бойынша, командалар ойындарға бес шетелдік хоккейшіден артық қатыстыра алмайды. Бұл ретте енді легионерлердің жалақысын мемлекеттік және квазимемлекеттік бюджет есебінен төлеуге болмайтынын да айтқан жөн.
Еске салайық, қазір Өскеменде 19 жастағы қақпашы Иван Пыленоктың өліміне қатысты сот отырысы өтіп жатыр. «Торпедо» ХК баспасөз қызметі өткен жылдың 2 тамызында жастар командасының қақпашысы Иван Пыленоктың өзін күрт нашар сезінгенін, оған шұғыл медициналық көмек көрсетілгенін және жедел жәрдем шақырылғанын хабарлаған болатын. Клуб таратқан ақпаратқа сенсек, көрсетілген көмекке қарамастан, жас жігіт ауруханада көз жұмған. Біраз уақыттан кейін әлеуметтік желілерде Борис Александров атындағы Спорт сарайы дәлізіндегі камералардың бірі түсірген бейнежазба тарады. Одан Иванның есінен танып қалмас бұрын, негізгі команданың ойыншысы, ресейлік шабуылшы Андрей Лагуновпен қақтығысып қалғанын көруге болады.
Марқұмның ата-анасы ұлының өліміне шабуылшыны кінәлап отыр. Сот шешіміне сәйкес, Андрей Лагунов істе күдікті ретінде өтуде. Оған Қылмыстық кодекстің 389-бабының 4 бөлімі (ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекет) бойынша айып тағылған. Айыпталушының кінәсі дәлелденсе, ол үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Биылғы мамыр айында басталған сот отырысы кезінде Лагуновқа қатысты бұлтартпау шарасы өзгергенін айту керек. Сот ел аумағынан шығуға тыйым салатын жазаны үйқамаққа ауыстырды.
Айта кетейік, 2024-2025 жылғы маусымда Андрей Лагунов «Торпедо» сапында 51 матчқа қатысып, 18 голдың және 19 нәтижелі пастың авторы атанды.