Күршім ауданында таза ауызсу тартылмаған жалғыз ауыл қалды. Бұл туралы аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жанболат Жамелхан мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Бүгінде Күршім ауданы бойынша 21 елді мекен бар болса, соның 20-сы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта аудан орталығында бұл бағыттағы қайта жаңарту жұмыстары атқарылуда. Күршім ауылында үш мыңнан астам тұрғын үй бар болса, соның барлығын, яғни 100 пайызын таза ауызсумен қамтамасыз ететін боламыз. Жобаны 2026 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі кезде қаражаттың толық бөлінуін күтудеміз. Жобаның жалпы құны алты миллиард теңгеден асады. Бүгінде ақша толық мөлшерде бөлінбесе де, мердігер компания өз қаражаты есебінен жұмысты жалғастырып жатыр, – деп хабарлады Ж.Жамелхан.
Ал аталмыш жұмыстарды атқарып жатқан «Integra Construction KZ» мердігер компаниясының өкілі, жұмыс учаскесінің басшысы Мирас Бақытбеков Күршім ауылына жалпы ұзындығы 115 шақырымға жететін құбыр тартылатынын мәлім етті.
Ұңғыманың басында төрт насос жұмыс істейді. Бұдан бөлек, ауылға су жіберетін бес насос болады. Біреуі запаста. Оған су жиналатын екі резервуарды қосыңыз. Оның әрқайсысының сиымдылығы 500 текше метрге жетеді. Әр үйдің ауласына дейін диаметрі 25 миллиметрлік құбыр тартылады. Жұмыстың бәрі біткеннен кейін нысанды жергілікті коммуналдық шаруашылықтың балансына өткіземіз, – дейді мердігер компанияның өкілі.
Оның айтуынша, су бірнеше сүзгі мен бактерицидтік қондырғының көмегімен тазартылатын болады. Сондықтан, судың тазалығына 100 пайыз кепіл береміз, деп отыр мамандар.
Тағы бір айта кетерік жайт, жоба жүзеге асырылғаннан кейін мердігер ұйым жұмыс сапасына үш жылға кепілдік беріп отыр. Оның ішіне құбыр тартылатын көшелердің жолдарын қайта қалпына келтіру сияқты жұмыстар да кіреді.
Фото: F16.kz