Табиғаты таңғажайып Шығыс Қазақстан облысында Рахман қайнары, Сібе көлдері, Көгілдір шығанақ, Самар жағалауы сияқты туристік аймақ көп. Осы игілікті табысқа айналдыру үшін өңір билігі туризм саласын дамытуға мықтап кіріскен. Өкініштісі, туристік нысандардың ретсіз көбейгені, тұрмыстық қалдықтардың жиналуы мен басқа да факторлар табиғатқа кері әсерін тигізіп жатыр. Tereze журналистері аймақтың демалыс орындарын аралап, экологиялық ахуалды көзбен көрді.
Ұлан ауданындағы Сібе көлдерінің жағасында демалыс үйлері жылдан-жылға көбейіп келеді. (Фото: Tereze. 16.07.2025 ж.)

Сібенің үшінші көлі — Шалқардың жағасы. Жекеменшік иелікке берілген демалыс аймағында бір ғана қоқыс жәшігі бар. Жазда туристер көбейгенде бұл жер қоқысқа толып, желмен ұшқан целлофан пакеттер көлді ластайды. (Фото: Tereze.23.10.2025 ж)

Демалуға келген туристер көл жағасында әр 50 метр сайын осындай «тосын сый» қалдырған. (Фото: Tereze. 23.10.2025 ж.)

Жол бойындағы көзден таса жерге кейбіреу осылай қоқыс тастап кеткен. Шашылған қоқысты Бозанбай ауылдық округі әкімдігінің қызметкерлері, Алғабас ауылының тұрғындары тазалайды. (Фото: Tereze.23.10.2025 ж).
— Бала кезімізде көл керемет еді. Суы да мол әрі тұнық болатын, Балық көп еді. Қазір жоқ деуге де болады. Көл жаққа барсаң, жағаның бәрі шашылған қоқыс. Қыста балыққа барамыз. Астының бәрі қоқыс, целлофан, консерві», — дейді Алғабас ауылының тұрғыны Жеңіс Байжүменов. (Фото: Tereze.06.11.2025 ж.)

Катонқарағай ауданындағы Рахман қайнары шипажайы. Туристік нысанның қоқыс алаңына айналуына меншік иесі Анатолий Балушкиннің істі болып, шетелге қашып кеткені әсер еткен. Әйгілі шипажай 2025 жылдың басында ғана толық мемлекет қарамағына өтті. Әлеуметтік желіде видео тарағаннан кейін Катонқарағай МҰТП инспекторлары мен аудан әкімдігі қызметкерлері шипажай аумағын қоқыстан тазартты. (Фото: Сampinglife.kz/Instagram. 19.08.2025 ж.).


Көгілдір шығанақ демалыс аймағындағы су үстінен тартылған кәріз құбыры. 2019 жылы құбыр жарылып, қалдықтар Бұқтырма су қоймасына төгілген. Кейін сүңгуірлер су түбінен шөккен нәжіс тұнбасын анықтады. (Фото: Мира Круль. 2019 жыл, шілде)

— Бұқтырма су қоймасының жағалауында ресми тіркелген 104 демалыс базасы бар, олардың кейбірінде бес-алты үйден. Бұдан бөлек тіркелмегені қаншама. Осынша аумақты күнде аралай алмаймыз, мүмкіндік шектеулі. Дегенмен тазалықты қадағалауға тырысамыз. Кейбір туристік базалар қоқысқа ақша төлемеу үшін тұрмыстық қалдықтарын бұта-қарағанның ішіне төгеді, — дейді Жаңа Бұқтырма кентінің әкімі Нұржан Қанапин.

Бұқтырма су қоймасының Самар жағалауында орналасқан демалыс базасы. Бұл үйлердің бәрінде сарқын су жиналатын шұңқырлар бар.

— Мен білетін демалыс базаларының басым бөлігінде «септиктер» (кәріз суы жиналатын шұңқыр) жабдықталмаған. Олардың бәрі шұңқыр қазып, сарқын суды соған төгеді. Шұңқырда қаншама химиялық улы зат, қалдық жиналып, топыраққа сіңеді. Жерасты суын ластайды. Оны адамдар ішеді, — дейді экобелсенді Танир Ясса.




