Катонқарағай ауданында Мұзтау тауына шықпақ болған турист жарақат алып, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды F16.kz тілшісі ШҚО Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, 1997 жылғы турист қыз тауға шығу кезінде аяғын жарақаттап алған. Өз бетінше жүре алмай қалған туристке шұғыл көмек қажет болды.
Көп ұзамай оқиға орнына жеткен ҚР ТЖМ Медициналық апаттар орталығының дәрігерлері зардап шеккен қызға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Кейін оны құтқарушылардың көмегімен облыс орталығындағы медициналық мекемеге жеткізді.
ШҚО ТЖД тур ұйымдастырушыларына маршруттары жайында «112» нөміріне алдын ала хабарлап отыруды ұсынады.
– Жалпы, саяхатқа шыққан туристе өзімен бірге «шағын құрал-жабдықтар жиынтығы» болуы керек. Оның ішіне алғашқы көмек қобдишасы, пышақ, сіріңке, компас, су мен азық-түлік қоры, мобильді телефон және қуаттағыш құрылғы кіреді, – деп ескертеді мамандар.