«Өскемен әуежайы» АҚ бұрынғы президенті мен өзге де лауазымды тұлғаларының 5 жыл бойы жалған шарт жасау арқылы жүйелі түрде ақша жымқырып келгені анықталды, деп хабарлайды F16.kz.
ҚМА ШҚО бойынша департаменті Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен «Өскемен әуежайы» АҚ басшылығына қатысты қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану, аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру фактілері бойынша тергеуді аяқтады.
Еңбекақыны негізсіз көбейту, жалған сыйақылар мен жалған шарт жасау арқылы жүйелі түрде ақша жымқырған. Кейін ол қаражатты касса арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған. Көлік құралдары бухгалтерлік есептен шығарылып құнынан бірнеше есе төмен бағамен сенімді тұлғаларға сатылған. Сондай-ақ коммерциялық нысандары шарттармен жалға берілгені анықталды, — дейді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі.
Күдіктілер мемлекетке 157 миллион залал келтірген.
Қазіргі күні олар қамауға алынып, сот санкциясымен 126 миллион теңге көлеміндегі мүлкіне (4 пәтер, жер учаскесі және 2 автокөлік) тыйым салынды.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.