Жаз маусымында Өскеменнің «Самал» саябағында тіршілік қыз-қыз қайнап жатады. Демалыс күндері мұнда келушілер қарасы тіпті 20 мыңға жуықтайды. Бірақ кейінгі кезде саябақтың тазалығы мен инфрақұрылымына қатысты тұрғындардан сын—ескертпелер көбейген. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов демалыс аймағын аралап, жағдаймен танысты, деп хабарлайды F16.kz.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Самал» саябағы күрделі жөндеуді қажет етеді. Саябақта барлығы алты қызметкер жұмыс істейді, ал инфрақұрылымды ұстауға және қалпына келтіруге 300 миллион теңгеден астам қаражат қажет. ⠀
Соңғы уақытта қала тұрғындарынан «Самал» саябағының тазалығы мен инфрақұрылымына қатысты көптеген сын келіп түсті. Бұл саябақты біздің тұрғындар мен қонақтар өте жақсы көреді. Демалыс күндері оған 15 мыңнан астам адам келеді. Оны күтіп ұстап, ретке келтіру керек, – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар аймақ басшысы «Самалдағы» жағажайдың болашақта қажеті бар ма, жоқ па анықтауды тапсырды. Өйткені Ертіс өзенінің бұл тұста ағыны тым қатты, адамдарға қауіпті. Сондықтан қала шетінде орналасқан Бейметалл материалдар комбинаты (КНМ) ауданындағы жағажай ресми түрде ашылса, негізгі шомылу орнын сонда ауыстыруға мүмкіндік бар.
Саябақтағы кемшіліктерді ретке келтіру керек. Бұдан бөлек бұл жерде жағажай қажет пе, соны анықтау керек. Өйткені ағын қатты, адамдар үшін қауіпті. Егер Бейметалл материалдар комбинаты ауданындағы жағажай ресми түрде ашылса, адамдарды қауіпсіз жерде демалуға шақыру керек. Бұл мәселе бойынша ақпараттық науқан өткізген дұрыс. Біздің міндет – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жайлы демалу үшін жағдай жасау. Мен Өскемен әкімі мен «Самал» саябағының басшылығына осы мәселелердегі қателіктер бойынша жұмыс жүргізуді тапсырдым, — деп атап өткен Нұрымбет Сақтағанов тұрғындардың қауіпсіз демалуына жағдай жасау үшін қала әкімдігі мен бейінді басқармаларға қаржыландыруды қамтамасыз етуді, саябақтар мен жағажайларды абаттандыруды тапсырды.
Бейметалл материалдар комбинаты ауданындағы жағажай да әлмисақтан демалушылардың сүйікті орнына айналған. Биыл онда абаттандыру жұмысы басталды. Дәретхана, киім ауыстыратын кабиналар, баспалдақ орнатылып, жағажай қоршалды. Төтенше жағдайлар қызметкерлері тарапынан кезекшілік
ұйымдастырылған. Қала әкімдігі кіреберіс жолға асфальт төсеп, автотұрақ жасады.
Бұл жерді шомылуға рұқсат етілген орындар тізіміне енгізіп, қала әкімдігінің балансына беру қажет. Жарты ғасырдан бері тұрғындар мұнда суға түседі, сондықтан тыйым сала бермей, оны заңдастырып, адамдардың қауіпсіздігі үшін жағдай жасау керек. Мұнда жағажай ғана емес, жайлы және қауіпсіз демалыс аймағы болуға тиіс, , – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, қазір су айдынын ресми жағажайлар тізіміне қосу мәселесі қарастырылып жатыр. Аймақ басшысы бұл жұмысты жеделдетуді тапсырды.
Сондай-ақ абаттандыру, электр бағанасын басқа жерге ауыстыру, құтқарушылар мен күзетті қамтамасыз ету, тамақтану және сауда орындарын ашу сияқты ұсыныстар айтылды.