Ішкі істер министрлігі алкоголь өнімдерін сатуға бақылауды күшейтуді ұсынып отыр. Енді спирттік ішімдіктер жұмыс уақыты шектеулі арнайы дүкендерде ғана сатылуы мүмкін, деп хабарлайды F16.kz порталы almaty.tv— ға сілтеме жасап.
Қоғамдық орындарда алкоголь ішуге қатысты 107 мың құқықбұзудың жолы кесілді. 11 мың адамға алкоголь қолдануға тыйым салынды. Қоғамда ішімдікке төзбеу жағдайын қалыптастыруға жұртшылық тартылып жатыр. Бүгінде 402 елдімекен тұрғындары алкогольден бас тартты, – деді ішкі істер министрі Ержан Саденов.
Сондай-ақ маскүнемдік мәселесін шешу кешенді тәсілі қажеттігі айтылды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, биыл полиция алкоголь айналымы саласында 7 мыңға жуық заңбұзушылықтың жолын кесті. Кәсіпкерлік субъектілеріне 370 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, 2 252 мекеме лицензиясынан айырылды.
Алайда кейбір кәсіпкерлер лицензияны басқа тұлғалардың атына рәсімдеп немесе басқа мекеменің атын жамылып, тәулік бойы алкоголь сатуды жалғастырып жатыр, – делінген хабарламада.
Осы орайда комиссия отырысында бірқатар ұсыныс айтылды. Атап айтқанда, лицензия беруге қойылатын талаптарды күшейту, алкоголь өнімдерін тек жұмыс уақыты шектеулі арнайы дүкендерде сатуды қарастыру.