Бүгін С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция мен «Ұлы даланың алтыны» көрмесі өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Ғылыми іс-шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, зиялы қауым өкілдері, еліміздің түкпір-түкпірінен және шет мемлекеттерден келген жетекші ғалымдар, археологтар мен түркологтар келіп қатысты.
Шетелдік қонақтарға алдымен облыстық тарихи-өлкетану музейінің бірегей жәдігерлерінен жинақталған «Ұлы дала алтыны» көрмесі таныстырылды. Онда Елеке сазынан табылған қару бөліктері мен алтын, қола, тастардан жасалған қанжар, қын және өзге де түрлі бейнедегі гривнаның фрагменттері қойылған. Мұндағы әрбір жәдігер ұлт тарихынан хабар береді.

Конференция түркі жұртының түп-тамыры, көне өркениеттің бесігі саналған Алтай өңірінің тарихи-мәдени маңызын тереңнен зерделеп, ғылыми қауымдастықтар арасындағы байланысты бекемдеуге бағытталды.
Бүгін бірнеше ай бойы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының қортындысын жасау үшін жиналдық. Осы қазба жұмыстарында табылған жәдігерлер, оның негізінде жасалып жатқан реконструкциялау жұмыстарының барлығы көпшілікке таныстырылады. Бұл жұмыстарға тек белгілі археологтар емес, С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенттері де атсалысты. Жастардың мұндай жұмыстарға араласып, жақынырақ танысқаны өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге, білікті мамандар даярлауға септігін тигізері анық, — деді белгілі археолог, ҚР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер Зейнолла Самашев.
2016 жылдан бастап өңірде «Шығыс Қазақстан облысындағы археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту бағдарламасы» жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында еліміздің бай тарихи мұрасын қайта жаңғыртуға бағытталған археологиялық ескерткіштер жан-жақты зерттеліп, тарихи туризм нысаны ретінде жаңғыртылмақ.
Шығыс Қазақстан — кең байтақ еліміздің інжу-маржаны, көне тарих куәгері, түркі мәдениетінің алтын қазығы. Бүгінгі конференция облысымыздың халықаралық дәрежеде танылуына зор үлес қосады деп ойлаймын. Себебі ғылыми іс-шараға елімізден ғана емес, әлемнің әр тарапынан беделді ғалымдар жиналып, ғылыми пікірлерін ортаға салды, — деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Жоба барысында Қазақстанның тарихында жаңа кезең ашылуы мүмкін. Оған жергілікті ғалымдар Берелдегі қазба жұмыстары кезінде тапқан археологиялық ескерткіштер себеп болған.
Б.з II-V ғасырға жататын ескерткіштерді кездейсоқ кездекстірдік. Ол хунмулардың заманынан кейінгі жаңа мәдени қабатты ашуға көмектесті. Оны өзіміз хунму цямби кезеңі деп атадық. Қазіргі таңда 100-ге тарта ескерткіш қазылып, ғылыми айналымға өткізуге дайындап жатырмыз, — деді Зейнолла Самашев.
Осылайша, 2016 жылы өңірде қолға алынған жоба аясында тарихтың жаңа беттері ашылуы мүмкін. Ал, қазба жұмыстары 2026 жылға дейін жалғаса бермек.




