Шығыстың бас шаһарын ән мен жырға бөлеген «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында жыл бойына жалғасқан аудан-қалалардың мәдени күндері де мәреге таяп қалды. 19 желтоқсанда Өскеменде өңір өнерпаздарының гала-концерті өтіп, дәстүрлі жобаның қорытындысы шығарылады, деп хабарлайды F16.kz.
Әр өңірдің рухани қазынасы мен мәдени болмысы – ел тарихының ажырамас бөлігі. Осы орайда «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында өткізілген мәдени күндерді туған өлкенің бай мұрасын кеңінен насихаттауға, жас ұрпаққа дәріптеуге бағытталған тағылымды іс дер едік. Кейінгі жылдары өңірлік мәдени саясаттың маңызды тетігіне айналған бұл жоба аудан-қалалардың өнерін ғана емес, олардың тарихын, рухани мұрасын, еңбек әлеуетін, кәсіпкерлік мүмкіндіктерін және адами капиталын бір арнаға тоғыстырып, облыс орталығында жүйелі түрде таныстыруды мақсат етеді.
Аудандардың мәдени күндері – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, аудандар арасындағы мәдени байланысты нығайтатын, елге, жерге деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін арттыратын маңызды рухани алаң. Бірнеше жылғы үзілістен кейін былтыр қайта жалғасын тапқан өнер жәрмеңкесі шынымен де өңір тұрғындарының сүйікті мерекесіне айналды.
МӘДЕНИ КҮНДЕРДІҢ “АЛАУЫ” ЖАҒЫЛДЫ
Биыл қыркүйекте «Туған жер – алтын бесігім» жобасын Шемонаиха ауданы бастап берді. Теріскейдегі жұрт тұтас көшіп келгендей болып еді сол кезде. Өскемен тұрғындары мәдени-спорттық шараларды тамашалап, саф өнердің тұнығынан сусындап, қала мен ауыл халқы арқа-жарқа қауышқан. Қаладағы жоғары оқу орындарында диалог алаңы ұйымдастырылып, кітапханада кәсіби библиотур өтті. Арбатта жастардың басын қосқан Networking алаңы жұмыс істесе, Ертіс көпірінің астында Fighting Club спорт бағдарламасы көпшілікке қуаныш сыйлады. Тағылымды да тартымды шаралардың түйіні ретінде облыстық филармонияда аудан жетістіктерін паш еткен көрме мен шығармашылық ұжымдардың концерті өтті. «Туған жер – алтын бесігім» жобасының шымылдықашар концертіне Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, мәдени күндерді бастап берді.

Өскемендегі өнер керуенінің көшін ары қарай Глубокое ауданының шығармашылық ұжымдары жалғады. Бұл ауданның өнерпаздары көпшілік қауымға Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған тағылымы терең, мазмұны бай мәдени шара ұсынды. Концерт барысында ұлттық рух пен тарихи жадыны жаңғыртатын көркем қойылымдар көрсетілді. Абай елінің киелі мекені – Жидебай ауылын бейнелеген этнографиялық композиция қойылып, сахна төрінде қазақы болмысты айшықтаған киіз үй тігіліп, өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты. Бұл көріністер көрерменді өткен мен бүгінді жалғаған өзгеше атмосфераға жетеледі. Глубокоелықтарды басқа аудандардан ерекшелеп тұрған осы бір этнографиялық композиция болды.
Мәдени кеш аясында ауданның қолөнер шеберлерінің туындылары қойылған көрме де ұйымдастырылып, келушілерге ұлттық өнердің сан қырын танытты. Ағаш, темір, жүн және басқа да табиғи материалдардан жасалған бұйымдар ізденіс пен талғамды айқын көрсетті. Көрме көпшілік тарапынан үлкен қызығушылыққа ие болып, ұлттық қолөнерге деген құрметті арттыра түсті.
Глубокое ауданы бұл байқауға ерекше дайындықпен келгенін мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мейрамғали Дәрменқұлов атап өткен еді сол кезде. Оның айтуынша, концертте ұсынылған дүниелер бір күндік емес, жыл бойы жүйелі түрде жүргізілген дайындықтың нәтижесі. Аудан өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары өздерінің ең үздік жұмыстарын халық назарына ұсынуды мақсат еткен.
Кеш барысында соғыс жылдарын бейнелейтін сахналық көріністер қойылып, патриоттық әндер шырқалды. Әсіресе жас техниктер станциясы оқушылары жасаған әскери техникалардың шағын үлгілері көрерменнің ықыласына бөленді. Бұл жас буынның тарихқа деген қызығушылығы мен шығармашылық қабілетін айқын көрсетті.
Концертті тамашалаған тұрғындар шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, өнерпаздарға жылы лебіздерін білдірген еді сол кезде.
– Концерт өте керемет болды. Үйге рухтанып қайтып барамыз. Әсерлі әндер шырқалды. Мықты әртістер өзімізде көп екен ғой, таңғалдым. Өткен аптада тағы келгенмін. Қай аудан екені есімде жоқ, бірақ олардың да өнері тамаша болды. Осылай бізге тегін концерт қойып, халықтың көңілін көтеріп жатқандарына ризамыз, – деген болатын Өскемен тұрғыны Нұрғайша Тілемісова концерттен шыққан бетте.
ҰЛТТЫҚ НАҚЫШ ПЕН ЗАМАНАУИ СТИЛЬ ҮЙЛЕСІМІ
Жеке аудан болып құрылғанына бірнеше жыл ғана болған Самар жұрты да бұл дәстүрлі шараға өз үлесін қосып, іргелі ел екенін көрсетті. Облыстық филармонияның фойесінде ашылған көрмені тамашалаған көпшілік сәндік-қолданбалы өнер шеберлері жасаған бұйымдарды, жас суретшілердің туындыларын қызықтады, ұлттық тағамдардың түр-түрінен дәм татты. Самар елі жас таланттарға бай екенін көрсетті. Көрмеде мектеп оқушылары салған картиналар, ұлттық нақыш пен шеберліктің үйлесімін паш еткен әшекей бұйымдар қойылды. Әсіресе ұлттық киімдер көрмесі көптің назарын өзіне аударып, дәстүрлі киім үлгілерінің заманауи сипатта, жаңаша тыныс алғанын әйгіледі. Айта кету керек, ұлттық киімдердің авторы – Қытайдың Үрімші қаласынан бір жыл бұрын тарихи отанына қоныс аударған тігінші Бағира Мағауяқызы. Отыз жылдан астам уақыт бойы тігіншілікпен айналысып келе жатқан шебердің әрбір бұйымы өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленеді. Ол ұлттық киіммен қатар заманауи үлгідегі киімдерді де шебер тігіп, бүгінде бұл кәсіпке қызын баулып жүр. Өз цехында жұмыс істейтін ана мен қыздың бірлескен еңбегі көпшілікке үлгі боларлықтай.
Қолөнер бір бөлек, киімді піше білу мүлде басқа. Әрқайсының өзіндік қиындығы мен қызығы бар. Киім тігумен 30 жыл бойы айналысып келемін. Жеке цехым бар. Өзім пішем, өзім кестелеймін, өзім тігем. Қызым екеуіміз жүргізіп жатырмыз осы жұмыстарды, – деді тігінші Бағира Мағауяқызы.
Самарлық шеберлердің ұлттық нақыш пен заманауи стиль үйлескен киімдері бұл кештің жаңалығына айналды.

Кештің шарықтау шегі ауданның шығармашылық ұжымдары қатысқан концерт болды. Сахна төрінде хореографиялық қойылымдар ұсынылып, халық әндері мен қазіргі заманғы танымал композиторлардың шығармалары орындалды. Ән мен бидің үйлесімі, орындаушылардың жоғары дайындығы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
САХНАДА 92 ЖАСТАҒЫ ҚАРИЯ ӘН САЛДЫ
Батыс Алтайдың баурайындағы Риддер қаласы Өскеменге өнер қоржынын толтырып әкелді. Жергілікті жұрт кеншілер шаһарының бай рухани, мәдени және шығармашылық әлеуетімен кеңінен танысып, спорттағы толағай табыстарына куә болды. Риддер бүгін спортпен тыныстап тұр. Бұл қаланың саңлақтары берісі облыс, республикада топ жарса, арысы әлемдік ареналарды бағындырып жүр. Ел абыройын асқақтатқан сайыпқырандардың жетістігін қала билігі көпшілік назарына ұсынуды жөн көріпті. Көрме төрінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің марапаттарына орын берілді. Олимпиадалық, ұлттық және олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша Азия және әлем чемпионаттарында жеңіп алған жүлделер де осы қатардан табылды. Бұл риддерлік жастардың жоғары спорттық әлеуетін анық көрсетті. Сөрелерде түрлі деңгейдегі жарыстарда олжалаған медаль, кубоктар мен марапаттар қойылды. Көрмені тамашалаған жұрт чемпиондардың толағай табысына марқайып, риза болды.

Облыстық филармонияда ұйымдастырылған көрме Риддердің мәдени-әдеби мұрасын, табиғи байлығын және тарихи ерекшелігін жан-жақты танытты. Келушілер назарына «Абай және оның замандастары» атты экспозиция ұсынылып, Риддер тарихи-өлкетану музейінің қорындағы бірегей туындылар көрсетілді. Абай Құнанбайұлы мен оның замандастарының портреттер галереясы қойылды. Акварель техникасында салынған бұл портреттердің авторы – музейдің негізін қалаушылардың бірі, Риддер қаласының Құрметті азаматы Юрий Хабаров. Ол жарты ғасырдан астам уақыт бойы ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығын зерттеп, Абай ұрпақтарымен тығыз байланыс орнатқан.
«Қолөнершілер қаласы» студиясының мүшесі Татьяна Коротина облыс орталығына қой мен ешкі жүнінен жасалған бұйымдарын ала келіпті. Жылы шұлықтар мен қолғаптар, балаларға арналған жұмсақ ойыншықтар көздің жауын алады. Бүгінде бұл студияда 46 ұжым жұмыс істеп, халықтық өнер мен дәстүрлі қолөнерді сақтауға және дамытуға үлес қосып келеді.
Туризм әлеуетіне арналған экспозицияда Риддер өңірінің көрікті жерлері, экологиялық жобалары мен белсенді демалыс бағыттары таныстырылды.

Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов риддерліктердің еңбегіне жоғары баға берді. Ол қала тұрғындарының туған жердің мәдениеті мен тарихына деген құрметін ерекше атап өтіп, мұндай бастамалардың маңызы зор екенін атап өткен болатын.
Көрмеден кейін мерекелік шара филармонияның концерт залында жалғасын тапты. Риддер қаласының шығармашылық ұжымдары ән мен күйден шашу шашып, мың бұрала би билеп, көпшілікке әсерлі рухани кеш сыйлады. Әрбір нөмірде дәстүр мен заманауи өнер әдемі үйлесім тауып, кеш көркін аша түсті. Концертке қатысқан 38 жылдық тарихы бар «Память» халық хоры әуезді әндерімен зор қошеметке бөленді. Бұл ұжымда өнер көрсететін ең қарт өнерпаз 92 жаста болуы ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі дер едік.

Концерттік бағдарламада ұлы ақын Абай Құнанбайұлы мен көрнекті композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиев шығармаларына негізделген музыкалық және поэтикалық қойылымдар орындалды.
КӨРЕРМЕН «ЖЕРҰЙЫҚ» ТОБЫМЕН ҚАУЫШТЫ
Бұдан кейін эстафетаны қолға алған Катонқарағай және Үлкен Нарын аудандары да жоғары дайындық деңгейін, өздеріне тән ерекшелігін көрсетті.
Түркі жұртының алтын бесігі болған Төр Алтайдан табылған көне артефактілер мен құнды жәдігерлер «Туған жер – алтын бесігім» жобасының мазмұнын байытып, мәнін аша түскені рас. Көрмеге келушілер Катонқарағай өңірінің ғана емес, бүкіл қазақ ұлтының тамыры терең тарихын танып, шежіресіне бойлады. Жәдігерлердің ішінде «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қорынан әкелінген құнды экспонаттар ерекше назар аударды. Олардың әрқайсы ежелгі өркениет пен далалық мәдениеттің биік деңгейін айғақтайды.

Ал концертке кеш қонағы ретінде Катонқарағайдың тумалары, 1990 жылдары «Азия дауысы» байқауының лауреаты атанған «Жерұйық» тобының қатысуы бұқараға ерекше көңіл күй сыйлады.
Сонау тоқсаныншы жылдары ел сүйіп тыңдаған «Жерұйықты» көріп мәз болдық. Сол қалпы, өзгермеген сияқты. Бұл жігіттердің әндері қандай еді кезінде. Дүркіреп тұрды ғой. Әлі де кеш емес, қайта бір жаңарып, сахнаға шықса көрермен қуана қарсы алар еді. Бүгінгі кешке арнайы қонақ ретінде шақырылған екен. Жалпы, Катонқарағай ауданының өнерпаздары ән мен жырға сусындатты. Демалып қалдым. Жанды дауыстағы әншілерді естімегелі қашан, – деді зейнеткер Жанболат Құрманбекұлы.
Өскемен тұрғындары тамашалаған кезекті мәдени кеш «Жайсаң Зайсан елі шақырады!» деп аталды. Шекарадағы Зайсан ауданының өкілдері облыс орталығына өздерінің бренд өнімдерін әкеліп, көрме-жәрмеңкеге қойды. Атап айтқанда, жергілікті жерде өндірілетін сапалы аузсу, шұжықтың түр-түрі, қаптамаға салынған тары-талқан және басқа да азық-түлік тауарлары ұсынылды.

Зайсан ауданының Үлкен Қаратал ауылындағы «Ақбай» шаруа қожалығы 2023 жылдан бастап шағын цехты іске қосып, бүгінде шұжықтың төрт түрінен айына шамамен 100 келі өнім шығарып отыр. Өндірілген тауарлар Зайсан өңірінде ғана емес, Өскемен мен Алматыға да жеткізіледі. Сонымен қатар кәсіпорында ысталған құйрық май, жылқы еті және жартылай дайын өнімдер де өндіріледі. Осының бәрін шаруа қожалығы көрмеге әкеліпті. Сатып алушылар кезекке тұрып жатты.
Мәдени кешке келген қала тұрғындары Зайсанның қонақжайлығы мен ұйымшылдығын, шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Тұрғындардың айтуынша, мәдениеті мен тарихы терең Зайсан өңірінің әлеуеті бұл кеште жан-жақты көрініс тапты. Көрмеде ұсынылған өнімдер мен қолөнер бұйымдары, тарихи деректер мен білім саласындағы жетістіктер көрерменге ерекше әсер сыйлады.
САМҒАУДЫҢ АЯҚ КИІМІН ПРЕЗИДЕНТ КИІП ЖҮР
Күршім ауданы биылғы «Туған жер – алтын бесігім» жобасына жоғары дайындықпен келіпті. Мұны көрменің эстетикалық көрінісінен анық байқауға болады. Аудандағы жеті ауылдық округтің шағын макеті ретінде киіз үйлер тігіліп, олардың қасында табиғи өнімдер мен жергілікті кәсіпкерлер өнімі қойылды. Әр киіз үйден келушілер сол өңірдің негізгі кәсібі, өндірісі және ерекшеліктері туралы толық ақпарат алды. Мәселен, Абай округі мал шаруашылығымен, табиғи өнімдерімен танымал болса, Балықшы округы балық шаруашылығы өркендеген өңір ретінде белгілі. Қалғұты – сүт, ет және бақша өнімдерімен ерекшеленсе, Күршім ауылы шағын өндірістерге бай екенін байқатты, мұнда шұжық цехы, ағаш бұйымдары мен ат әбзелдерін жасайтын ұстаханалар жұмыс істейді. Құйған округі мал және егін шаруашылығымен дараланды, ал Сарыөлең суармалы егіншілікті дамытып отыр. Түкпірдегі Маралды ауылдық округі – әйгілі Маралды балының отаны.
Сондай-ақ Күршімнің концертінде сахнаға тек ауданның төл өнерпаздары шыққанын айта кету керек. Қазақ эстрадасының жарқын өкілі Серікбол Сайлаубек арнайы келіп Күршімге арналған жаңа әнін орындады.
Мерекелік кеш барысында Күршім өнерпаздары «Адамзат Абайы» облыстық көркемөнерпаздар байқауының концерттік бағдарламасын ұсынды. Сахнада әуелеген ән, күмбірлеген күй және бишілердің қойылымдары көрерменді тәнті етті. Кеш соңында облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Сайлаухан Аухадиев өнерпаздарға алғыс білдіріп, шығармашылық ұжымдарға облыс әкімі Сақтағановтың атынан ықылас гүлдері табыс етілді.
Биыл «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Марқакөл ауданының мәдени күндері алғаш рет өтті. Жеке аудан болып құрылған бұл өңір қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, Марқакөл ауданының табиғаты, тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігін танытатын экспозицияларды тамашалады. Аудан әкімі Рүстембек Кемешев жүзден астам өнерпаз атсалысқан кештің бірлік пен шығармашылыққа үндейтін акция екенін атап өтті.
Көрмеге келген қонақтардың назары бірден жергілікті кәсіпкерлердің өнімдеріне ауды. Олардың ішінде Самғау Нәсіпқанұлының жөні бөлек еді. Отандық аяқ киім өндірісін жаңа деңгейге көтерген дизайнер Марқакөл ауданының көрмесіне Астанадан арнайы келді. Айта кетейік, жерлесіміз Самау Нәсіпқанұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы аяқ киім тігеді. Ол етікшілікпен 13 жылдан бері айналысып келеді. Бүгінде оның аяқ киімі нарықта жоғары сұранысқа ие.
Біздің Марқаның әлемдік деңгейде дамитын болашағы бар екенін білеміз. Марқакөл көліндегі майқан балығы әлемнің үш-төрт жерінде ғана кездеседі. Осы жерде оқып, білім алғанымды мақтанышпен айтамын. Қазір біз 30 адамды жұмыспен қамтып отырмыз, болашақта әлемдік бренд жасаймыз деген мақсат бар. Сөзімнің дәлелі – Мемлекет басшысы 6 жылдан бері біздің аяқ киімді алып келе жатыр. Ол кісіге жеке аяқ киім тігеміз. Осы облыс басшылығы, қала әкімдігінде жүрген азаматтардың барлығы бізден аяқ киім алады. Бұл Марқакөлдің өнімі деп толық айтуға болады. Әлемде кездеспейтін балық сияқты, біздің де өнімдер бірегей. Сондықтан елімізбен, Марқкөлімізбен мақтанамыз, – деді кәсіпкер Самғау Нәсіпқанұлы.
Көрменің тағы бір ерекше тұсы – Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының экспозициясы. Онда Қызыл кітапқа енген құстардың үлгілері мен жас суретшілердің жұмыстары, профессор, археолог Ғани Омаровтың зерттеу еңбектері қойылды. Ғани Омаров Марқакөлдің тумасы ретінде өңірде жүргізілген археологиялық зерттеулердің маңызын атап өтті, тас ғасырынан бері адамдардың өмір сүргенін дәлелдейтін деректерді көрсетті.

Көрмеден кейін қонақтар концерт залына өтіп, Марқакөлдің вокалдық және би ансамбльдерінің шығармашылық бағдарламасын тамашалады. Өнерпаздар туған жердің мәдениеті мен дәстүрін көрерменге әсерлі жеткізді.
ТАРБАҒАТАЙ ТАРТУЫ – АСЫҚТАН ЖАСАЛҒАН ТОРСЫҚ
«Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Тарбағатай ауданының мәдени күндері әдеттегідей жоғары деңгейде өтті. Бұлай дейтініміз, бұл аудан былтыр да өз биігінен көрінген еді. Шараның басты бөлігі – «Тарбағатай өрнегі» тақырыбында ұйымдастырылған көрме мен концерт болды.
Облыстық филармония фойесінде ұйымдастырылған көрмеде қолөнер бұйымдары, заманауи шығармашылық туындылар, дәстүрлі және қазіргі заман өнері үйлесім тапты. Ең ерекше экспонаттардың бірі – 1515 қой мен ешкі асығынан жасалған биіктігі 113 см торсық болды. Сонымен қатар ағаштан ойылған оюлы түйреуіш, тоқылған сурет, көркемдік композициялар мен сәндік-қолданбалы өнер туындылары көз жауын алды.

Аудан әкімі Дархан Жөргекбаев концертке 150-ден астам өнерпаз қатысқанын атап өтті.
Биыл біз гала концертке 150-ден аса өнерпазды әкеліп отырмыз. «Туған жер – алтын бесігім» бағдарламасының басты мақсаты – туған өлкенің құндылықтарын кеңінен таныстырып, жас таланттардың жолын ашу. Біздің міндет – ауылдағы өнерпаздарға жағдай жасау, олардың шығармашылығын елге таныту, салт-дәстүрімізді сақтап, оны жастар бойына сіңіру. Осындай ауқымды мәдени күндер халықты біріктіріп қана қоймай, өңіріміздің рухани қуатын арттыра түседі, – деді аудан басшысы.
Концертте «Ақжар» ұлт аспаптар оркестрі, «Бақыт» этно-ансамблі, «Достар дауысы» халықтық ансамблі, «Шаттық» би тобы сияқты ауданның үздік шығармашылық ұжымдары сахнаға шықты. Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай арнайы дайындалған нөмірлер, Нұрғиса Тілендиев пен Ескендір Хасанғалиевтің әндері, театрландырылған көріністер жиылған жұрттың елең еткізді. Көрермендердің ыстық ықыласы мен шынайы қошеметі залды жаңғыртып, ұлттық өнер мен мәдени құндылықтарды ұлықтаған шара Тарбағатай ауданының бірлігін, шығармашылық әлеуетін, ауыл мен қала арасындағы рухани байланысты нығайта түсті.
ТУРИЗМДІ ТҮЛЕТКЕН ӨҢІР
Ұлан ауданының мәдени күндері күндіз Пушкин атындағы кітапханада Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай рухани әлемінің айнасы» атты мәнерлеп оқу байқауымен басталды. Кешкісін облыстық филармония фойесінде ұландық фермерлердің ауыл шаруашылығы өнімдері мен қолөнер шеберлерінің көрмесі ашылды. Онда ауданның жетістіктері таныстырылып, экспонаттар қойылды. Сонымен қатар бұл кеште белгілі өлкетанушы Борис Щербаков Ұлан ауданындағы 16–18 ғасырларға тиесілі тарихи ескерткіштер – Ақбауыр ғажайыптары және Аблайкит монастрі туралы мәліметтер берді. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл еңбекті жеке жинақ ретінде бастыруды тапсырды.

Кеш барысында кәсіби фотографтардың «Бес жыл – бір мақсат: Шығыс салбурыны» атты фотокөрмесі ұйымдастырылды. Бұл көрме ауыл туризмін дамытуға және ауданның халықаралық мәртебесін көтеруге бағытталғанын атап өту керек. Онда халықаралық фестивальдің әр сәті, бірнеше елден келген 100-ден астам бүркітшінің өнер көрсеткені, сондай-ақ 10 мыңнан астам көрерменнің қатысқаны көрініс тапты. Осы суреттер арқылы қонақтар мен қала тұрғындары Алтайдың табиғи сұлулығына, құсбегілік өнеріне, дәстүрлі аңшылық мәдениетіне және ауданның туристік әлеуетіне көз жеткізе алды. Көрме ауданның мәдени, тарихи және табиғи байлығын дәріптеп, туризмді дамытудағы жаңа бастамаларды таныстыруға мүмкіндік берді.

Филармонияның концерт залында «Ұлы мекен – туған елім» атты мерекелік концерт өтті. Кеш шымылдығы «Ұлан» халық театрының «Абай тағылымы» театрландырылған көрінісімен ашылып, Абайдың «Тор жорға» күйіне жалғасты. «Жастар» халықтық би тобы мен «Айнаline» би тобының «Рух қанаты» хореографиялық композициясы зор қошеметке бөленді. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ұландық Естай Мұқашев, қазақ эстрадасының жұлдызы Руфат Маратұлы мен халыққа «Келінжан» сериалындағы «Балқия» рөлімен танылған ұландық Нұргүл Мыңғатова өз өнерлерін тарту етті. Сонымен қатар барша ұландықтардың әнұранына айналған «Ұланым» әнін жергілікті таланттар нақышына келтіре шырқады.
Шара барысында Ұлан ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы да көрсетілді. Аудан аграрлық секторда, өнеркәсіпте және туризм саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген. Қысқы туризмді дамыту үшін Шалқар көлінде табиғи мұз айдыны жасалған, жылы киіз үйлер, ыстық шай, коньки жалға беру және ойын-сауық ұйымдастыру қызметтері жолға қойылған. Алдағы уақытта Жоғарғы Тайынты ауылында панорамалық табиғатты тамашалау алаңын орнату және заманауи демалыс базаларын салу жоспарланған.
АЛТАЙЛЫҚ ШЕБЕРДІҢ АВТОРЛЫҚ ҚУЫРШАҚТАРЫ
Биылғы «Туған жер – алтын бесігім» жобасын түйіндеген Алтай ауданының мәдени іс-шарасы үш күнге созылды. Қала тұрғындары мен қонақтарына арнап көрме, концерт, шығармашылық кездесулер мен арнайы білім беру алаңдары ұйымдастырылды. Алғашқы күні өңірдегі екі жетекші жоғары оқу орны – С.Аманжолов атындағы ШҚУ мен Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, жастарға Алтай ауданындағы еңбек және мансаптық мүмкіндіктер таныстырылды. Сонымен қатар Maxi Mall сауда орталығында жастар ресурстық орталығы Абайдың 180 жылдығына арналған «Ұлы Абайдың қара сөздері» атты викторина ұйымдастырды. Серебрянка қаласынан келген музыка мектебі оқытушылары өнер училищесінде, ағайынды Абдуллиндер атындағы оқу орнында болып, студенттермен шығармашылық кездесулер ұйымдастырылды. Б.Александров атындағы Спорт сарайында облыстық хоккей турнирі өтті.
Екінші күні облыстық филармонияның фойесінде бірнеше көрме алаңы ашылды. Алтай қаласынан келген қолөнерші, Asiadol қазақстандық шеберлер бірлестігінің мүшесі Ирина Самойлова қазақ аруларының авторлық қуыршақтарын ұсынды. Ирина текстильден бастап фарфорға дейін әртүрлі техникамен жұмыс істейді. Оның жинағында 150-ден астам қуыршақ бар.

Бұл өнермен айналысқаныма 10 жылдан асты. Алғашында текстильмен жұмыс істеген едім, кейін фарфорды меңгеріп алдым. Мифологиялық арулар бейнесінен, сондай-ақ археологиялық қазбалардан, мәселен Алтын адамның әшекейлерінен шабыт аламын. Көрмелерге жиі барамын. Ташкентте, Новосібірде өткен көрмелерге қатыстым. Барлық жерде ұлттық бейнелеріміз шынайы қызығушылық тудырады, – дейді шебер.
Көрмеден кейін қала тұрғындары мен қонақтары Алтай ауданының шығармашылық ұжымдары қойған концертті тамашалады. Сахна төрінде облыс жұртышылығына кеңінен танымал «Зыряночка» ансамблі попурри ұсынса, «Балагуры» ансамблі өзбек биін нақышына келтіре орындады. Концертте «Здесь мой дом, здесь я родился» және «Көзімнің қарасы» әндері тыңдарманның ықыласына бөленді. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов шығармашылық ұжымдардың дайындығын және бағдарламаның жоғары деңгейін атап өтті.

Сонымен қатар мәдени күндер аясында ұлттық ойындар мен спорттық сайыстар ұйымдастырылды.
«Туған жер – алтын бесігім» жобасы Шығыс Қазақстан өңірінің аудан-қалаларын біріктіретін дәстүрлі мәдени шаралар кеші ретінде биыл да өз деңгейінде өткізілді. Жоба аудандардың рухани және мәдени мұрасын насихаттауға мүмкіндік туғызды. Әр аудан-қала өзіндік ерекшелігін көрсетті. Мәселен, Шемонаиха, Глубокое, Самар аудандары ұлттық дәстүр мен заманауи өнерді үйлестірсе, Риддер қаласы спорт, мәдениет және туристік әлеуетін көрсетті. Катонқарағай, Үлкен Нарын аудандары тарихи жәдігерлер мен жергілікті дәстүрлерін көпшілік көзайымына айналдырса, Зайсан, Күршім, Марқакөл, Тарбағатай, Ұлан, Алтай аудандары жергілікті өнімдерін насихаттап, қолөнер туындылары мен өнерпаздарының шығармашылығын дәріптеді. Көрмелерде ұлттық киімдер, қолөнер бұйымдары, этнографиялық композициялар, тарихи жәдігерлер мен спорт жетістіктері көрсетілді. Жалпы, жоба өңір мәдениетін дамытып, аудан мен қала арасындағы сан салалы байланысты нығайтып, тұрғындардың туған жерге деген мақтаныш сезімін арттырды деуге толық негіз бар.




