Әлеуметтік желіде Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданында жер-көкті қара түтінге көмген шағын кәсіпорын туралы бейнежазба тарады. Желі қолданушылары қою түтін будақтатқан өндіріс орнының қоршаған ортаға зияны бар—жоғын біле алмай алаңдап отыр, деп хабарлайды F16.kz.
Біз Самар ауылында тұрамыз. Ауыл іргесінде өндірістік нысан орналасқан, шамасы шағын зауыт сияқты. Онда нақты не өндірілетіні бізге беймәлім, бірақ жуырда бір жаға ұстарлық жағдайдың куәсі болдық. Дәлірек айтсақ, бұрын ауылды басып кететін қара түтіннің қайдан шығатынын көзбен көрдік. Мұржалардан шыққан түтін тура тұрғын үйлерге қарай ұшып жатыр, – деп жазды желі қолданушылары.
Тұрғындардың алаңдаушылығы орынды. Ауыл адамдары “бұл қою қара түтін қоршаған ортаға, оның ішінде ауыл халқының денсаулығына қаншалықты зиян?”, “нысанның жұмыс істеуіне, яғни улы газды ауаға шығаруына рұқсаты бар ма?”, “жергілікті билік неге жағдайды түсіндірмейді?” деген сұрақтарға жауап таппай отыр. Осыдан кейін өкілетті органдар бұл сұрақтарға жауап береді деген үміттеміз.