Тарбағатай ауданы Ақжар ауылының тұрғыны Шыңғыс Қапжапаров отбасымен апатты жағдайдағы баспананы жалға алып, тұрып жатыр. Төбесі қопсып, қабырғалары жарылған ескі үй бір күні басып қала ма деп қорқады ол. Былтыр тіркелген баспана кезегінің жуық арада келетін түрі көрінбейді, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Ақжарлық тұрғынның айтуынша, ол Kezekte.kz порталындағы тұрғын үй кезегінде 79-шы болып тұр, ал Тарбағатай ауданы әкімдігінің сайтында 75 орында тұр.
Екінші топтағы мүгедектігім бар, жұмысқа жарамаймын. Қолымда қарт анам бар. Табыс болмаған соң баспана сатып алуға да жағдай келмейді, — дейді ол.
Шыңғыс Қапжапаров былтыр 14 ақпан күні Қабанбай ауылдық округінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасы ретінде кезекке тұрған. Кейін 12 желтоқсанда тұрғылықты мекенжайын Ақжар ауылына ауыстырған.
Биыл наурызда аудан әкімінің тапсырмасымен Ақжар ауылдық округі әкімінің орынбасары, әлеуметтік мәселелер бойынша учаскелік комиссиясының төрағасы Ернар Серікбосынов, қоғамдастық төрағасы Серік Ибраев, Ақжар ауылдық округі бойынша әлеуметтік қызметкер Гүлжан Бақтиярова үшеуі аталған отбасының үйіне барып, тұрмыстық жағдайын қарап, зерттеу актісін жасаған.
Әкімдіктің табалдырығын тоздырдым. Олар үйге келіп, жағдайымды көрді. Бірақ нәтижесі жоқ. Кезек келгенше далада қаламын ба деп қорқамын. Жауын жауса қазіргі жалдап тұрып жатқан үйге кіруге қорқамыз, жаздық ас үйге қонамыз. Үйдің төбесі опырылып түскелі тұр, — деді Шыңғыс.
Аудан әкімдігінің өкілдері бұған дейін салынған баспаналар кезек бойынша берілгенін, биылғы 24 мамырдан бастап елімізде тұрғылықты халықты баспана кезегіне қою және салынған үйлерді беру «Отбасы банкі» арқылы жүзеге асырылатынын алға тартты.
Біз тек республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа жаңа тұрғын үйлер салуға жауаптымыз. Қазір баспаналарды түгендеу нәтижесінде әртүрлі себептермен үш тұрғын-үй қайтарып алынды. Заңға сәйкес ол пәтерлердің бұрынғы иелерімен келісімшарт бұзылды. Алдағы уақытта бұл үйлерді өзгертілген заңға сәйкес Шыңғыс Қапжапаровқа беру-бермеуді «Отбасы банкі» шешеді. Шыңғыс Мазанұлының қазір жалдап тұрып жатқан баспанасы жайсыз болса жаңа үй алғанға дейін дұрыс баспананы таңдап, жалдап тұруға құқығы бар. Барлығы да заңға сәйкес берілгені жөн. Кезегі келгенде бұл кісі де баспаналы болады, — деді Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Талант Бақытбекұлы.
Сондай-ақ жергілікті билік баспана салуға мемлекеттен бөлінген қаражат ең алдымен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, жетім балаларға (20 пайыз), кезекте тұрған көпбалалы аналар мен аз қамтылған (жалғыз басты аналар, ерекше бала тәрбиелеп отырғандар, 1-2 топтағы мүгедектігі бар адамдар) мақсатты түрде бөлінгенін атап өтті. Ал апаттық жағдайдағы үйде тұрып жатқан адамдарға баспана салу үшін мемлекет тарапынан «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында қаражат қарастырылмағанын айтады.