Бүгін, 19 шілдеде Глубокое ауданының Бобровка ауылында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» қанатқақты ұлттық жобасы аясында салынған жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды, деп хабарлайды F16.kz.
Аталған жобаның негізгі мақсаты – ауылдардың медициналық инфрақұрылымын жақсарту арқылы тұрғындардың аудан орталығына немесе қалаға сабылмай жергілікті жерде сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндік жасау.
Жаңа медицина мекемесі қажетті құрал-жабдықтармен және жиһаздармен толық қамтылған. Бұл ауыл тұрғындарына дер кезінде диагностика жүргізуге, аурудың алдын алуға және скринингтік тексерулер ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде ауыл халқының денсаулығы нығайып, медициналық қызметтердің сапасы артады.
2023–2024 жылдары Шығыс Қазақстан облысында ұлттық жоба аясында 36 медициналық нысан салу жоспарланған. Оның ішінде жеті дәрігерлік амбулатория, екі фельдшерлік-акушерлік пункт және 27 медициналық пункт бар.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы – ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыруға және еліміздің денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға бағытталған маңызды қадам.