Қазақстанға Мажарстан мен Чехиядан керқұландардың жаңа тобы әкелінді. Бұл – «Жабайы жылқылардың оралуы» жобасы аясындағы екінші халықаралық тасымал.
Асыл тұқымды жануардың жаңа тобы Прага зоопаркі мен мажар Hortobágy ұлттық паркінен әкелінді. 3 маусым күні керқұландар тиелген екі әскери ұшақ Арқалық әуежайына келіп қонып, әрі қарай жабайы жылқылар «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватына жеткізілді. Бастапқыда олар кең қашаларда ұсталып, бір жыл мамандар бақылауында болады. Әбден бейімделген соң, табиғи ортаға жіберіледі.
Бұл елімізде жойылып кеткен керқұландар тұқымын тарихи мекеніне қайтаруды көздейтін жобаның екінші кезеңі екенін айтқан жөн. Жануарлардың алғашқы партиясы былтыр маусым айында Торғай даласына жеткізілген болатын.
Мамандардың айтуынша, 2029 жылға дейін елімізге әкелінген керқұландар санын 40-45 басқа дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Керқұлан (Кертағы) – әлемдегі жабайы жылқылардың ақырғы түрі. Ол XX ғасырдың ортасына қарай жабайы табиғаттан жойылып кеткен.
Фото: gov.kz