Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасының мәліметінше, кейінгі уақытта өңірде жол-көлік оқиғалары күрт өскен. Өңірде жыл басынан бергі бес айда 483 жол—көлік оқиғасы болған, бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда екі есе көп, деп хабарлайды F16.kz.
Облыс прокуратурасы жол-көлік оқиғаларының көбеюіне оларды есепке алу әдістемесінің өзгеруі ғана емес, жүргізушілердің жол қозғалысы ережесін жүйелі түрде бұзуы да басты себеп болғанын атады. Жол жүру ережесінің бұзылуына келсек, көліктердің бір-бірімен соқтығысуы, жаяу адамдарды қағып кету, жылдамдықты шектен тыс асыру сияқты жағдайлар көп тіркелген. Жағдайды өзгерту үшін биылғы сәуірде ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, оның құрамына прокуратура, полиция және әкімдік қызметкерлері кірді. Содан бері өңірде жолдағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған рейдтер жүргізіліп келеді.
Рейдтер барысында 5 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі анықталды. Оның ішінде жиі кездесетін бұзушылықтар: жаяу адамдардың рұқсат етілмеген жерден өтуі (1817 факт), қауіпсіздік белдігін тақпау (564), мас күйінде көлік жүргізу (23). Апатты жағдайлар көп болатын маусым – жаз бен күз. Яғни, демалыс маусымы және күздегі оқу жылының басталуы. Осы уақытта мотоцикл, велосипед, электр скутер мінгендер саны артады, қалааралық сапарлар көбейеді. Сот статистикасы да жағдайдың қиын екенін растады. Мәселен, алты айда 54 жүргізуші сотталды, оның 41-і бас бостандығынан айыру, жетеуі бас бостандығын шектеу жазасына кесілсе, екеуіне айыппұл салынды, төрт адам қоғамдық жұмыстарға тартылды, — деп түсіндірді ШҚО прокуратура басқармасының аға прокуроры Рауан Сайранбекұлы.