Биыл жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында бюджетке 206,0 млрд теңге салық және басқа да міндетті төлемдер түсті. Оның 111,4 млрд теңгесі жергілікті бюджетке, 94,6 млрд теңгесі республикалық бюджетке тиесілі, деп хабарлайды F16.kz.
ШҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сайранқан Қабыштың айтуынша, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда түсім көлемі 86,7 млрд теңгеге артты. Бюджет түсімдерінің негізгі бөлігін пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық, ірі кәсіпорындардан алынатын корпоративтік табыс салығы, сондай-ақ жеке тұлғалардың табысынан ұсталатын жеке табыс салығы құрады.
Ал салалық тұрғыда ең көп түсім өңдеу өнеркәсібінен түскен – 55,6 млрд теңге. Одан кейін көтерме және бөлшек сауда – 32,5 млрд теңге, тау-кен өнеркәсібі – 30,9 млрд теңге және құрылыс – 17,7 млрд теңге.
Департамент салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыру бағытында да белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Тәуекел дәрежесін бағалау негізінде жүргізілетін мерзімді салықтық тексерулер нәтижесінде биылғы бірінші жартыжылдықта облыс бойынша 987,5 мың теңгеге қосымша есептілік тапсырылып, бюджетке 859,7 млн теңге қосымша салық өндірілді.
Камералдық бақылау шеңберінде 10 175 хабарлама жолданып, 332,1 млрд теңге көлемінде бұзушылық анықталды. Оның ішінде 2 787 хабарлама орындалып, 7,5 млрд теңге салық бюджетке қайтарылды. 737 хабарлама бойынша салық төлеушілердің шоттарындағы шығыс операциялары тоқтатылды, – деді Сайранқан Қабыш.
Айта кету керек, жыл соңына дейін салықтық әкімшілендірудің жаңа интеграцияланған жүйесі (СӘИЖ) толық іске қосылады. Бұл жүйе бұрынғы жеті ақпараттық платформаның орнына келіп, салық төлеушілерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыруды, үдерістерді оңайлатуды және автоматтандыруды қамтамасыз етеді.