Өскемендегі Самал саябағы тұсында Ертіс өзеніне ағып кеткен жас жігіттің денесі табылды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Ведомствоның ақпаратына сүйенсек, марқұмның денесін жергілікті тұрғын Глубокое ауданының Предгорное ауылына жақын маңнан көрген. Дереу тиісті орындарға хабарлаған. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мәйітті судан алып шықты.
Естеріңізге сала кетсек, 27 шілде күні достарымен Ертіске шомылуға барған 19 жастағы Нұрдос Нұрболат өзеннің қатты ағысына қарсы жүзе алмай, суға батып кеткен. Сол сәттен бастап құтқарушылар жас жігіттің денесін іздеуге кірісті. Төтенше жағдайлар қызметкерлері Ертісті құлдап Прапорщиково, Зевакино, Саратовка және Азовое ауылдарына дейінгі аумақта іздестіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ Глубокое ауданының Уварово және Шемонайха ауданының Барашки ауылы маңында іздестіруді жалғастырды. Іздеуге еріктілер мен қарапайым тұрғындар да жұмылды.