Бүгін, 28 маусымда Тарбағатай ауданына жұмыс сапарымен барған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов құрылысы бірнеше жылға созылып кеткен Қалбатау-Майқапшағай жолын қайта қалпына келтіру жұмысымен танысты, деп хабарлайды F16.kz.
Аймақ басшысы атқарылып жатқан жұмысқа көңілі толмайтынын байқатты. Халықты сарсаңға салған жолды тезірек аяқтау үшін қажет болса облыс әкімдігі қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
Техника да, жұмыс істеп жатқан адам да аз. Нағыз қызу жұмыс істейтін кезде бос тұр. Қанша жыл болды, халық та осы жолдың жырымен қиналып кетті. Ақша бөлінді, басқа біздің тараптан қандай көмек керек, айтыңыздар, жобаны уақтылы аяқтау үшін көмектесеміз. Ең бастысы халық жылдар бойы күткенде жол сапалы болсын және тезірек аяқтауға тырысыңыздар, — деді Нұрымбет Сақтағанов.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы өкілдерінің айтуынша, жол жөндеу жұмысының жоспардан кешігуіне топырақ қабатының шектен тыс ылғалды болуы кедергі келтірген.
Осы жол бойынша Шығыс Қазақстан облысына тиесілі бес учаске бар, оның жалпы ұзындығы – 231 шақырым. Қазір осының 217 шақырымына асфальт қабаты төселген, көліктер жүріп жатыр. Бір учаске ғана қалды, қалғандарында абаттандыру жұмысы аяқталуға жақын. Бітпеген жол бөлігі Тарбағатай ауданының аумағында орналасқан. Былтыр көктемгі су тасқыны кезінде жер ылғалды мол сіңіріп, көп кедергі болды. Биыл материалдарды ауыстырып, жұмысты қайта жалғастырдық. Алдағы қыркүйек айында толық аяқтау жоспарланып отыр. – деді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары Алтай Саркен.
Айта кетейік, республикалық маңызы бар Қалбатау-Майқапшағай трассасын қалпына келтіру жұмысы 2017 жылы басталған. Содан бері жалғасып келе жатқан жол құрылысы осы өңірде тұратын Зайсан, Тарбағатай (Шығыс Қазақстан облысы), Ақсуат, Көкпекті, Жарма аудандарының (Абай облысы) 150 мыңнан астам халқын сарсаңға салып келеді.