Шығыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен С.Аманжолов атындағы ШҚУ базасында «XXI ғасырдың қаржылық триггерлері» атты форум өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Іс-шара қаржы пирамидалары, интернет алаяқтық, дропперлікке қарсы іс-қимыл және интернет гигиена мәселелеріне арналды. Форумның форматы интерактивті режимде өткізілгендіктен қатысушылар QR-код арқылы анонимді түрде сұрақ қойып, департамент тарапынан жауап алу мүмкіндігіне ие болды.
Форум жұмысына Өскемен әкімі Алмат Ақышов, мәслихат депутаттары, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі, «Қарызсыз қоғам» жобасының менторы, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, ірі еңбек ұжымдары, жастар қозғалыстарының мүшелері, сондай-ақ танымал блогерлер, медиатұлғалар және спортшылар қатысты.
Басты мақсат – халықтың қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттыру, қаржылық қауіпсіздіктің заманауи трендтері туралы түсінік қалыптастыру.
Форум барысында спикерлер қатысушыларға экономикалық құқық бұзушлықтар: қаржы пирамидалары, дропперлік, фишингтік шабуылдар және өзге де қаржылық алаяқтық схемалары туралы ақпарат беріп, аталған құқық бұзушылықтарды анықтау тәсілдері мен киберқауіпсіздік шараларына ерекше назар аударды.
Сондай-ақ форумға қатысқан танымал блогерлер С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенті дайындаған арнайы репортажда қала тұрғындары арасында азаматтардың алаяқтық схемалар жайында қаншалықты хабардар екенін анықтап, зерттеу нәтижелері туралы белсенді түрде пікір алмасты.
Еліміздегі басым бағыттардың бірі – қаржылық қылмыспен күрес. Цифрлық технологиялар дамыған заманда алаяқтықтың жаңа түрлері күн санап көбеюде, ал қарапайым халық олардың құрбанына айналды. Осыған байланысты құқық қорғау органдары мен қаржы саласының мамандары түрлі қауіп-қатерлер мен тәуекелдер жайында ақпараттандыру үшін аянбай еңбек етіп келеді. Бүгінгі форум да осы мақсатта ұйымдастырылды. Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен полиция департаменті қызметкерлері және басқа да сарапшылар бірігіп, қаржылық қауіпсіздік бойынша практикалық жұмыс атқарып жатыр, – деп атап өтті ШҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшылығы.