Биылғы 21-26 қыркүйек күндері Jibek Joly 5.0 туристік пойызы кезекті сапарына аттанады, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Бесінші рет ұйымдастырылып отырған тур Орталық Азия өңірінің мәдени-тарихи орталықтарын байланыстырады. Атап айтқанда, бағыт Алматыдан басталып, Түркістан, көне Отырар, Самарқан, Бұқара мен Ташкент қалаларын қамтиды.
Жоба Орталық Азияның мәдени мұрасын дәріптеу және өңірлер арасындағы туристік ынтымақтастықты дамыту мақсатында ҚР Туризм және спорт министрлігі, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы, отандық туроператорлар мен жергілікті атқарушы органдардың мұрындық болуымен жүзеге асырылып жатыр.
– Жоба KITF 2025 халықаралық көрмесінде «Ең үздік туристік өнім» деп танылған. Бағдарламаға жайлы теміржолмен сапар, мазмұнды экскурсиялар, шеберлік сабақтары, шығыс дәстүрімен танысу, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысандарына бару кіреді, – деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.
Бағдарлама жыл сайын жетілдіріліп, туристердің ұсыныстары ескеріліп, бағыттары кеңейтіліп келеді. Jibek Joly жобасы Орталық Азиядағы маңызды мәдени бастама ретінде дамып, өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға және Ұлы Жібек жолы мұрасын насихаттауға үлес қосуда. Туристік өнімді қалыптастыру және оны жүзеге асыру жауапкершілігі отандық туроператорларға жүктелген.
Еске салайық, бұған дейін алдағы уақытта Өскемен – Ташкент – Самарқан – Бұхара бағытында пойыз қатынасы қайта жанданып, Өскеменнен Өзбекстанға тікелей әуе рейстері ашылатыны туралы жазған болатынбыз.