Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қайтарылған активтер есебінен Абай облысында сумен жабдықтау желілерін салуға 10 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды F16.kz.
Айта кетейік, елге қайтарылған заңсыз иемденілген активтер қаражаты есебінен елімізде әлеуметтік маңызды инфрақұрылымдар салу жұмыстары жүзеге асырылып жатыр.
Өңірде барлығы 21 жоба жүзеге асырылып жатыр, оның жетеуі – Семей қаласында. Сумен қамту жұмыстары ауылдық аумақтарды да қамтиды, атап айтқанда, облыстың Бородулиха, Үржар және Абай аудандарында сумен жабдықтау желілері жүргізіледі. Бұл жобаларды жүзеге асыру – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, коммуналдық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге және Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған, — дейді Үкіметтің баспасөз қызметі хабарламасында.
Нысандарды биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректеріне сәйкес, сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу Семей қаласында 95,5%-ды, Абай облысының ауылдарында 95%-ды құрайды.