Биылғы 15 шілдеде тіркелген жағдай бойынша Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Жеменей бақылау-өткізу бекеті арқылы бір рет кіріп-шығатын жолаушылар легі 49 мыңнан астам адам болды деп хабарлайды Kazinform Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
Есептік кезеңде Қытай мен Қазақстан шекарасындағы осы бекеттен 12 мың көлік құралы өткен.
Жергілікті туристік агенттіктердің бірінің менеджері Ян Чуньнің айтуынша, шекарааралық туристік топтардың саны айтарлықтай артқан. Оның компаниясы Қазақстанға бір күннен 30 күнге дейінгі түрлі туристік маршруттарды ұсынады. Мамыр-маусым айларында бұл агенттік 28 көлікпен автотуристер үшін турлар ұйымдастырған.
Шекарааралық сапарлардың артуы Қытай мен Қазақстан арасындағы өзара визасыз режимнің енгізілуімен байланысты, ол 2023 жылғы қарашада күшіне енген.
Визасыз саясат шекарадан өтуді әлдеқайда ыңғайлы етті, – дейді Алматы қаласынан келген турист Айтош Махмет. Ол Қытайда болған кезінде Шыңжандағы Бұршын уезі мен Үрімжі қаласына және басқа да орындарға баруды жоспарлап отыр.
Бұршын уезінің мәдениет, спорт, радио, телевидение және туризм басқармасы шекарааралық туризм аясында Қытай мен Қазақстанның туристік ресурстарын біріктіретін жаңа өнімдерді әзірлеу үстінде. Бұл Шыңжанға келген саяхатшыларға Жеменей бақылау-өткізу бекеті арқылы Қазақстанға да өтуге мүмкіндік береді, – деді ведомство өкілі Лю Шужун.
Айта кетейік, визасыз режим енгізілгелі Қытай мен Шығыс Қазақстан облысы арасында қатынайтын туристер легі арта түсті. Әсіресе, көрші мемлекеттен Шығыстың сұлу табиғатын тамашалап, тарихи жерлерін аралауға қызығушылық білдірген демалушылар көп.