Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген жаңа Су кодексі күшіне енді, деп хабарлайды F16.kz тілшісі ведомствоға сілтеме жасап.

Бұл құжатта алғаш рет «су қауіпсіздігі» деген ұғым енгізілді. Яғни, ол – халықты және экономиканы су тапшылығы мен су көздерінің ластануынан қорғау, сонымен қатар трансшекаралық су ресурстарын қорғауда еліміздің мүддесін қамтамасыз ету дегенді білдіреді. Су көздерінің тартылып кетуінің алдын алу үшін «экологиялық ағын» деген жаңа ұғым енгізілді. Бұл – өзен, көл, теңіздердің экожүйелерін сақтау үшін қажетті ең төменгі су деңгейі.
Жаңа кодекс су ресурстарын басқарудың бас және бассейндік жоспарларын әзірлеуді көздейді. Бұл жоспарларда судың болашағы мен болжамдарына қарай нақты мақсаттар, міндеттер мен шешу жолдары анықталады. Бұған қоса су ресурстарын басқару жөніндегі шешімдерді қабылдауға жұртшылықтың қатысуы кеңейтіледі.
Сондай-ақ су объектілерін қорғау бойынша талаптар күшейтілмек. Атап айтқанда, енді шағын өзендерге тұйық бөгеттер салуға болмайды. Сулы-батпақты алқаптар мен мұздықтар да арнайы қорғауға алынады. Ал жергілікті атқарушы органдар екі жыл ішінде барлық елді мекендегі су қорғау аймақтары мен белдеулерін айқындауға тиіс.
Сонымен қатар енді су пайдаланушылар ауылшаруашылық қажеттіліктері үшін еріген қар суын өз бетінше және арнайы рұқсатсыз жинай алады. Ол үшін көлемі 2 миллион текше метрден аспайтын тоған, су қоймасы немесе басқа да қойма салып, бұл нысанды тіркеу үшін бассейн инспекциясына хабар беруі қажет.
– Жаңа Су кодексін әзірлеу кезінде біз бес негізгі қағиданы басшылыққа алдық. Бұл – суды қоршаған ортаның ажырамас бөлігі, азаматтардың тіршілік әрекеті мен экономикалық дамуының негізі деп тану, суды қорғау және оның сарқылуын болдырмау, жерүсті және жерасты суын кешенді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және климаттың өзгеруіне бейімделу, су қорын қорғау және пайдалану жөніндегі міндеттерді шешуге жұртшылықты тарту. Аталмыш құжат еліміздің су саласындағы жаңа мемлекеттік саясатын қалыптастыруға негіз болады, – дейді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Жаңа кодекстің өзгеше тұстарымен министрліктің сайтынан жақынырақ танысуға болады.