Осы жылдың жеті айында елімізде 13 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Ең көп кездесетін әдіс – сауда алаңдары сайттарына, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге жалған хабарландыру орналастыру, деп хабарлайды F16.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Әдетте алаяқтар тауарды немесе қызметті тым арзан бағада ұсынып, алдын ала төлемді немесе толық ақшаны сұрайды.
Алаяқтың құрығына түспес үшін:
- тексерілген жарнама сайттарын пайдаланыңыз;
- тауарды тек қолыңызға тигеннен кейін төлеңіз;
- тауардың бар екеніне көз жеткізіңіз (мысалы, бейнеқоңыраумен көрсетуді талап етіңіз);
- егер сатушы басқа қалада болса, тауарды таныстарыңыз арқылы алдыртыңыз.
Азаматтар жылдам пайда табамын деген үмітпен күмәнді брокерлік компаниялар мен инвестициялық жобаларға ақша салып, жиі алданып қалады. Тек өткен жылы ғана осындай схемалардың құрбаны болған қазақстандықтардың саны – 1 мыңнан астам. Кейбірі тіпті несие рәсімдеп, бар қаржысын жоғалтқан. Алаяқтар ірі компаниялардың, банктердің, криптобиржалардың атынан жалған сайттар құрады. “Менеджерлермен” барлық байланыс тек онлайн жүреді. Сенімге кіру үшін кейде бір реттік “дивиденд” те төлейді.
Алаяқтардың тағы бір кең қолданатын тәсілі – банк немесе құқық қорғау органдары қызметкері болып қоңырау шалу. Қазір байланыс операторлары шетелден жасалған алаяқтық қоңырауларды анықтап, бұғаттап отыр. Осы жүйенің арқасында 65 миллионнан астам жалған қоңырау тоқтатылған. Дегенмен, қазір алаяқтар шетелдік нөмірлер арқылы немесе WhatsApp мессенджерін пайдаланып алдап жүр. Биыл осындай 5,9 мыңнан астам жағдай тіркелген.
Олар азаматтарға “ақшаңызды қауіпсіз шотқа аударыңыз” деп сендіріп, қаражатты қолма-қол айналдырады немесе басқа шоттарға жібереді. Кейбір адамдар өздері несие рәсімдеп, телефонына қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін қосымшаларды орнатып, банктен келген SMS-кодтарын да айтып қояды. Осылайша, өздері банктің барлық қауіпсіздік жүйесін айналып өтеді. Тіпті кейбір азаматтар пәтерін, көлігін сатып, түскен ақшаны да алаяқтарға аударып жіберген жағдайлар бар.
Банк те, полиция да ешқашан сізден дербес деректерді сұрамайды және телефон арқылы арнайы операция жүргізбейді. Ешқашан жеке деректеріңізді ешкімге бермеңіз. Кез келген жағдайда сақ болуға шақырамын. Қандайда бір күмәнді жағдайға тап болсаңыз, бірден полицияға хабарлаңыз, — дейді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Адилов.
Алаяққа алданып қалған жағдайда:
Егер алаяқтардың қақпанына түсіп қалсаңыз, дереу полицияға жүгініңіз. Барлық ақпаратты толық беріңіз:
- алаяқ хабарласқан нөмір;
- байланыс түрі;
- алдау тәсілі;
- ақша аударылған есепшот;
- келтірілген шығын мөлшері.
Неғұрлым нақты әрі уақытылы ақпарат берілсе, қылмыстың ашылу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Өткен жылғы 1 шілдесінен бастап Ұлттық банкпен бірлесіп “Антифрод” жүйесі іске қосылды. Сол уақыттан бері 60 мыңнан астам күмәнді банктік операция бұғатталды. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі заңнамаға түзетулер енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеуде.
Қазір азаматтардың өз банк шоттарын үшінші тұлғаларға пайдалануға бергені үшін жауапкершілік қарастырылмаған. Ал алаяқтар осыны пайдаланып, ақшаны әртүрлі шотқа аударып, қылмыс ізін жасырады.




