F16.KZ
  • Жаңалықтар
  • Айдарлар
    • Не жаңалық?
    • Айтпайын десең…
    • Біздің медицина
    • Білім мен ілім
    • Спорт
    • Әлеумет
    • Қылмыс
    • Өнер өрісі
    • Киелі Алтай
    • Ұзын құлақ
    • Сұхбат
    • Оқырман хаты
  • Аудан айнасы
    • Өскемен
    • Риддер
    • Катонқарағай
    • Күршім
    • Зайсан
    • Тарбағатай
    • Марқакөл
    • Самар
    • Алтай
    • Ұлан
    • Глубокое
    • Шемонаиха
  • Репортаж
    • Фоторепортаж
    • Журналист жол үстінде
    • Бейне медиа
    • Арнайы жоба
  • Шекаралық аудан
  • KZ
  • RU
No Result
Барлық нәтижені қарау
F16.KZ
  • Жаңалықтар
  • Айдарлар
    • Не жаңалық?
    • Айтпайын десең…
    • Біздің медицина
    • Білім мен ілім
    • Спорт
    • Әлеумет
    • Қылмыс
    • Өнер өрісі
    • Киелі Алтай
    • Ұзын құлақ
    • Сұхбат
    • Оқырман хаты
  • Аудан айнасы
    • Өскемен
    • Риддер
    • Катонқарағай
    • Күршім
    • Зайсан
    • Тарбағатай
    • Марқакөл
    • Самар
    • Алтай
    • Ұлан
    • Глубокое
    • Шемонаиха
  • Репортаж
    • Фоторепортаж
    • Журналист жол үстінде
    • Бейне медиа
    • Арнайы жоба
  • Шекаралық аудан
  • KZ
  • RU
No Result
Барлық нәтижені қарау
F16.KZ
No Result
Барлық нәтижені қарау

Күлімсі иіс, лас су, шашылған қоқыс: Өскеменнің мыңдаған тұрғыны полигон маңында тұрып жатыр

F16 F16
26.01.2026, 12:00
Әлеумет, Жаңалықтар, Өскемен, Экология
Фото: Tereze

Фото: Tereze

Өскеменнің дәл іргесіндегі қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны тұрғындарды сарсаңға салғанына көп жыл болды. Мүңкіген күлімсі иіс, жел шашқан целлофан пакеттер, қаптаған кеміргіш, ең қиыны – ластанған ауызсу. «Күресінмен күресіп шаршадық» дейді жергілікті жұрт.

Қолдану мерзімі 6 жыл бұрын аяқталған

Шығыс Қазақстан облысындағы ең ірі қоқыс полигоны Өскеменнің шетінде 1957 жылы ашылған. 1997 жылы ол «Өскеменспецкоммунтранс» ЖШС-ға 50 жылға ақысыз пайдалануға берілді. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, облыс орталығындағы полигонға жыл сайын шамамен 55-60 мың тонна қалдық төгіледі. Бастапқыда қоқыс атшаптырым аумақты алып жатқан терең шұңқырға тасталып, үстінен техникамен таптап, нығыздалатын. Уақыт өте шұңқыр толып, аумағы кеңейіп, «қоқыс таулар» биіктей берді. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметовтің айтуынша, қазір онда шамамен 7 млн тонна қалдық жиналған. Полигонның қолдану уақыты 2020 жылы аяқталғанына қарамастан, жергілікті билік оны көшіруге асығар емес, керісінше межелі мерзімді екі мәрте ұзартты. Ал күресінді айнала қонған Орман шаруашылығы, Красин, Шмелев лог, Степное, Ушанов қатарлы елді мекендер мен саяжай бірлестіктерінің ондаған мың тұрғыны полигон көшіріледі деген үмітпен өмір сүріп жатыр.

Фото: Tereze

2020-2021 жылдары жаңа қоқыс алаңын ашу мәселесі қызу талқылана бастады. Ал оған дейін облыс билігі Еуропаның қайта құру және даму банкімен қатты тұрмыстық қалдықтар өңдейтін зауыт құрылысын қаржыландыру жөнінде алдын ала келісім жасаған. Бірақ жоба тым қымбатқа түсті және ыңғайлы жер телімін бекітуде біраз қиындық туындады. Жобаны іске асыру үшін бірінші кезекте инвестор керек, одан кейін – қолайлы жер телімі.

Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Рашид Шерубаевтың сөзінше, қалдықтар полигоны санитария талаптарына сай келмейді.

Ертеректе бұл жер қоқыс төгетін орын болған. Кейін кеңейіп, қаланың тұрмыстық қалдықтар полигонына айналды. 2000-жылдары сол ауданнан адамдарға жер телімдері беріле бастағанда тұрғын аумақ пен қоқыстың арасы жақындап, бүгінде санитарлық қорғау аймағының талаптары бұзылып отыр. Сол себепті қала әкімдігі жаңа полигон салу үшін қолайлы жер іздестіре бастады. Қазір қалдықты сұрыптау, өңдеу мәселелері қарастырылып жатыр, – деді Шерубаев.

Шерубаевтың айтуынша, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны мен жай ғана қоқыс төгетін орынның айырмашылығы жер мен көктей. Біріншісі – ресми рұқсат етілген, қоршауы бар аймақ. Ол жерде қоқыс арнайы талаптармен жиналып, нығыздалады. Жерасты суын ластамау үшін шұңқыр қазылып, арнайы гидрооқшаулау қабаты төселеді. Экология талаптары қатаң сақталып, қауіпсіздік бақылауда болады. Ал жай ғана қоқыс алаңында бұл талаптардың ешқайсысы сақталмайды, қалдықтар ретсіз төгіледі.

Өскеменнің қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бастапқыда қоқыс тастайтын жер болғандықтан, экологиялық талаптар толық сақталады деуге келмейді. Ол жерде қоқысты реттілікпен жинау, қорғаныш қабатын төсеу мен басқа да қауіпсіздік амалдары қарастырылмаған, – деп түсіндіреді Рашид Шерубаев.

Ол жаңа полигонды салғанда бұл олқылықтардың бәрі ескерілетінін айтады.

Күресінмен күрес

Облыс билігі бірнеше жылдан бері мәселенің түйінін таппай, созбалаңға салып жүргенде, 400-дей түтіні бар саяжай тұрғындары күресіннің ортасында өмір сүріп жатқанын айтып тағы шағынды. Бұл төңіректің адамдары қоқыстың зардабын үнемі айтып келеді.

Саяжай тұрғыны Нұргүл Кенжеханқызы полигонның елді мекенге тым жақын болуы адамдардың тұрмысына кері әсер етеді дейді.

Сасық иістен жазда тысқа шыға алмаймыз. Өртенсе тіпті қиын, қою түтін осы маңдағы бірнеше ауылды тұтас жауып кетеді. Жел соққанда целлофан пакеттер үйдің ауласына дейін шашылады. Иесіз иттер көп. Ауызсу ішуге жарамайды. Иісі сасық, түсі сарғыш, керосин сияқты. Кір жуатын машинаны үш жыл сайын жаңартамыз. Қақ тұрып қалады да, бүлінеді. Күресінмен күресіп шаршадық, – деді тұрғын.

Бұл саяжайларға орталық ауызсу желісі тартылмаған. Себебі тұрғын аумақ емес, жегілікті әкімдік саяжайларды жарықпен, ауызсумен қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан әр үй ауласынан құдық қаздырып алған. Бірақ оның суы ішуге мүлде жарамсыз. «Өскемен суарнасы» коммуналдық мекемесі аптасына екі рет арнайы көлікпен тұрғындарға ауызсу жеткізеді.

2005 жылы Катонқарағай ауданынан көшіп келген зейнеткер Мырзахмет Жұмағұлов жылдар бойы жиналған қоқыс жерасты суын ластап жатқанына қапалы.

Бірнеше жыл бұрын СЭС мамандары (санитария-эпидемиология қызметі – ред.) келіп тексеріп, «ішуге болмайды» деді. Өйткені ауыл жанындағы қоқыстың табаны тереңде, ол жерасты суын ластайды. Біздің саяжайда ғана емес, Красин, Шмелев лог, Орман шаруашылығы, Степное ауылдарында да дәл солай. Бірақ олардың бір артықшылығы – орталықтан берілетін ауызсу желісі бар, ал бізде жоқ, – деді зейнеткер.

Фото: Tereze

Өскемен қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, 2022 жылы ведомствоға Степное және Орман шаруашылығы ауылдары тұрғындарынан тұрмыстық су сапасына қатысты жеті шағым түскен. Шағымда сол маңдағы шошқа қорадан шығатын қалдықтардың су көздеріне әсер етуі мүмкін деп көрсетілген.

Осыған байланысты Орман шаруашылығы ауылындағы жеке тұрғын үйлердің құдығынан 14 су сынамасы алынды. Оның ішінде жеті сынама микробиологиялық, жеті сынама санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша зерттелді. Микробиологиялық зерттеу нәтижесінде екі сынама санитария талаптарына сәйкес келмеді. «Эдельвейс» бағбандық қауымдастығының 242-ші, 239-учаскелерінде колиформды және термотолерантты колиформды бактериялар анықталды.

Санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша жеті сынаманың төртеуі иісі мен дәмі тұрғысынан талаптарға сайкелмеді, — деді Өскемен қалалық санитариялық-эпидемиологиялық басқарма басшысы Анар Құрметқанқызы.

Сонымен қатар басқарма басшысы кейінгі 3 жылда Орман шаруашылығы, Шмелев лог, Степное, Ушанов ауылдары мен аталған аумақтағы саяжайларда жергілікті тұрғындар тарапынан тұрмыстық су сапасына қатысты ешқандай шағым түспегендіктен зерттеу жүргізілмегенін айтты. 

Қоқыс полигоны қазір аузы-мұрнынан шыға толған. Бұған қоса, жиі өртенеді. Өрт шықса, қолқаны қапқан қою түтін айналаны тұмшалап, тұншықтырады.

Шмелев лог ауылында тұрып жатқанына 15 жылдан астам уақыт болған Базархан Байгереев жағымсыз иіс пен қаптаған кеміргіштен жұрт әбден мезі болды деп кейіді.

Қоқыс орны бізге жақын, күлімсі иіс келіп тұрады. Жаздыгүні қатты сезіледі. Күн суытқанда сәл басылады. Өрт шыққан кезде тіпті қиын, қалың түтін ауылды бүркеп алады. Былтыр күзде бір рет өртенді. Түтінге тұншығып қала жаздадық. Қатты жел соққанда целлофан пакеттер ұшады. Ол ағашқа ілінеді, тал-теректің басы желбіреген шүберек пен пакет. Егеуқұйрықтар да қаптап жүр. Полигонның тұрғанына жарты ғасырдан асты. Басқа жаққа көшіреді деген, одан бері қанша жыл өтті. Көшірсе жақсы болар еді, – деді тұрғын.

Өрт және улы газ

Тәуелсіз эколог Дәулет Асановтың айтуынша, көп жағдайда өрттің шығуына метан газы себеп болады. Технология бойынша қалдық төгілген соң нығыздап, үстіне топырақ қабатын төсеу керек. Ол метан газын ұстап тұру үшін қажет. Өкінішке қарай, Өскеменде ондай технология қолданылмайды. Соның салдарынан метан жиі тұтанады. Ал өрт шыққанда ауаға хлорсутек, күкіртсутек, формальдегид, азот диоксиді мен басқа да улы заттар тарайды.

Тұрмыстық қалдықтар өртенген кезде ауаға зиянды заттар бөлінеді. Олардың ішінде қауіптісі – диоксиндер. Гендік мутацияға әкелетін хлорорганикалық қосылыстарды осылай атайды. Диоксиндер өте ұсақ бөлшектерден тұрады, тыныс алу жолдары арқылы қанға тез сіңіп, жасушаларды бұзады. Олар сондай-ақ ісіктің пайда болуына әсер етеді, – деді тәуелсіз эколог Дәулет Асанов.

Шығыс Қазақстан облысы экология департаменті берген ақпаратқа сүйенсек, 2023 жылғы жазда болған өрт кезінде желге қарсы бағытта ауадағы формальдегид мөлшері рұқсат етілген ең жоғары концентрациядан алты есе асып кеткен. Осы жағдайға байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 324-бабы, 1-бөлігі бойынша іс қозғалып, қоқыс алаңының иесі жауапқа тартылған.

Фото: Tereze

Тәуелсіз эколог Дәулет Асановтың айтуынша, қоқыс алаңында сұйықтықты жібермей ұстап қалатын экран, кәріз ұңғымалары жоқ, соның салдарынан жерасты суы ластанады.

Арнайы экран қабаты болмаған соң улы заттар жаңбырмен бірге топыраққа сіңіп, жерасты суын ластайды. Ал олардың ішінде мырыш, мыс, марганец, сынап, қорғасын, күшәла бар. Жақын маңдағы елді мекен тұрғындары суды ұңғымадан (құдық – ред.) немесе бастаудан алып ішсе, бұл улануға, жұқпалы аурулардың таралуына әкеліп соғуы мүмкін. Себебі қоқыс полигонында қауіпті заттар ғана емес, ауру тудыратын микрофлора да болады, – деп қосты эколог.

Қалдықтар полигоны маңындағы жерасты суы ішуге жарамайтынын Шығыс Қазақстан облысы экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Әсет Сүлейменов те растады.

Өскемендегі қоқыс полигонының санитарлық қорғау аймағы – 500 метр. Бұл – қауіпсіз арақашықтық. Қазір қоқысқа ең жақын тұрғын аудан учаске шекарасынан 300 метр жерде орналасқан. Ал қоқыс көміліп жатқан нақты аумақ пен ең жақын тұрғын аймаққа дейінгі арақашықтық – 538 метр, яғни белгіленген талапқа сәйкес келеді. Бұл аудандағы жерасты суында құрғақ қалдық (су құрамындағы тұздар мен минералдар – ред.) көрсеткіші жоғары болғандықтан ішуге жарамсыз. Сол себепті оның сапасын тексергенде ауызсуға арналған санитария талаптары қолданылмайды, – деп түсіндірді ол.

Экология департаменті мамандары жүргізген тексеру барысында полигонда қалдықты қабылдау және бақылау дұрыс жүргізілмейтіні анықталған. Атап айтқанда, қалдықтар толық есепке алынбайды, қауіптілігіне қарай бөлек қабылданбайды.

Бұл Экология кодексінің талаптарын бұзу болып саналады. Тиісті бақылау болмағандықтан, бір-бірімен араласып кеткен. Соның салдарынан оларды залалсыздандыру немесе қайта өңдеу қиындайды, тиімділігі төмендейді және қоршаған ортаға зиян келу қаупі артады. Мұндай әрекеттер табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен қоршаған ортаға келетін зиянды азайту қағидаттарына қайшы келеді, – деді Әсет Сүлейменов.

2022 жылы Өскеменде қалдықты сұрыптау зауыты іске қосылғанға дейін қоқысты іріктеу жүргізілмеген. Көп жылдар бойы тұрмыстық қалдықтар сұрыпталмай бір жерге төгіліп келді. Оның ішінде электр батареялары, ескі термометрлер, шамдар, аккумуляторлар, тұрмыстық техника бөлшектері, дәрілік препараттар және басқа заттар бар. Бұлардың бәрі адам өміріне зиян.

Экологтардың айтуынша, полигон жабылғаннан кейін де оның қоршаған ортаға қаупі азаймайды. Өйткені ол жерде көп жыл жиналған қалдықтар ыдырап, шіріп метан сияқты улы газдар түзіледі. Органикалық қалдықтар ыдырағанда пайда болатын метанныңең көп бөліну кезеңі қалдықтар төгіле бастағаннан кейінгі алғашқы 30-50 жылға дөп келеді. Осы уақыт ішінде органикалық қалдықтардың шамамен 40 пайызы шіриді. Нәтижесінде метан (60 пайыздай) және көмірқышқыл газы (30 пайыздай) түзіледі.

Еуропа елдерінде мұндай полигондардың жанында арнайы зауыттар салынып, қоқыстан шыққан газдың энергиясын пайдаланады. Шетелде газ жинайтын технологиялар бар. Оны электр энергиясын, жылу өндіруге, тіпті көлікке жанармай ретінде қолдануға болады. Ал бізде бұл газдар ауаға тарап жатыр. Мұны дұрыс ұйымдастырса, тұрмыстық қалдықтар табыс әкелетін салаға айнала алады, – деді эколог Дәулет Асанов.

Фото: Tereze

Өскемен қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Рашид Шеруабевтың сөзінше, Өскемен аумағында жаңадан қалдықтар полигонын салуға ыңғайлы, санитария-экология талаптарына сай келетін жер телімі жоқ.

2025 жылы қалдықтар полигонына қоқыс көмуге рұқсат беру уақыты аяқталды. «Өскеменспецкоммунтранс» компаниясы жауапты мекемелерге мерзімді тағы ұзарту жөнінде өтінім жолдады. Соған орай полигонда қоқыс төгетін қосымша орын бар ма, жоқ па анықтау үшін зерттеу жүргізіліп, жер телімі белгіленді. Рұқсат мерзімі 3 жылға созылды. Енді осы уақыт ішінде бізге жаңа полигонды іске қосып үлгеру керек. Қазір облыстың табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірге болашақ полигонға жер телімін қарастырып жатырмыз. Нысан Ұлан және Глубокое аудандарының бірінің аумағында салынуы мүмкін, – деді бөлім басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, болашақ полигон санитария-экология талаптарына сай жұмыс істейді. Бірінші кезекте қоқыс төгу аумағын қоршайды. Аузында көліктердің кіріп-шыққанын тексеретін бақылау бекеті орналасады, салмақ өлшеу орны, техникаға арналған бокстар, қоқыс сақтайтын ұяшықтар болады. Үлкен шұңқыр қазылып, қалдықтар жерасты суын ластамау үшін геомембрана қабаты төселеді. Бұдан бөлек, қоқысты сұрыптау, өңдеу технологиясына ерекше назар аударылады. Қазір қалдықтың 80 пайыздан астамы көміліп, 20 пайызға жуығы ғана сұрыпталады. Жаңа полигонда өңделетін қоқыс көлемі 90 пайызға дейін жеткізілмек. Жергілікті билік осы үдеден шығатын шетелдік тәжірибелерді зерделеуге кіріскен.

Қазақстанда тұрмыстық қалдықтар мәселесі жылдан-жылға ушығып келеді. Елде жыл сайын 4,5-4,8 миллион тонна шамасында қоқыс жиналғанымен, оның небәрі 25,8 пайызы қайта өңделеді. Қалғаны полигондарға немесе рұқсатсыз қоқыс орындарына төгіліп, қоршаған ортаға зиян келтіріп жатыр. Жиналған қалдықтар уақыт өте шіріп, жағымсыз иіс шығарады, өртенеді. Түтін мен жағымсыз иіс жақын маңдағы елді мекен тұрғындарының денсаулығына кері әсер етеді. Улы сұйықтық топыраққа сіңіп, жерасты суын ластайды.

Бүгінде Өскеменнің қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны экологиялық және әлеуметтік проблемаға айналды. Қолдану мерзімі әлдеқашан аяқталған нысан әлі күнге дейін жұмыс істеп, мыңдаған тұрғынның денсаулығына, ауызсу сапасына және тұрмыс-тіршілігіне кері әсер етіп отыр. Қоқыстың сұрыпталмауы, экологиялық талаптардың сақталмауы, өрт пен улы газдардың бөлінуі жағдайды одан әрі ушықтырды. Билік жаңа полигон салуды жоспарлағанымен, мәселе жылдар бойы созылып келеді. Бұл жағдай қалдықтарды басқару жүйесін түбегейлі өзгертіп, заманауи, қауіпсіз әрі тиімді шешім қабылдайтын уақыт жеткенін көрсетеді.

Тегтер: F16коммуналдық қызметқоқыс полигоныӨскеменТабиғатЭкология
БөлісуБөлісуЖіберуБөлісу

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Мемлекет басшысы Анталия дипломатиялық форумының панельдік сессиясына қатысты

Мемлекет басшысы Анталия дипломатиялық форумының панельдік сессиясына қатысты

17.04.2026, 18:28
Маралдыдағы серпіліс: қомақты қаржы, жүйелі жұмыс, ортақ нәтиже

Маралдыдағы серпіліс: қомақты қаржы, жүйелі жұмыс, ортақ нәтиже

17.04.2026, 18:01
Полиция мен МИБ өзара іс-қимылды күшейтеді — ШҚО

ШҚО-да 1200-ге жуық көпқабатты үй жаңа басқару жүйесіне көшті

17.04.2026, 17:48
Цифрлық дәуірдің тұзағы: интернет алаяқтықтың жаңа толқыны пайда болды

Цифрлық дәуірдің тұзағы: интернет алаяқтықтың жаңа толқыны пайда болды

17.04.2026, 17:31

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

Мемлекет басшысы Анталия дипломатиялық форумының панельдік сессиясына қатысты

17.04.2026, 18:28

Маралдыдағы серпіліс: қомақты қаржы, жүйелі жұмыс, ортақ нәтиже

17.04.2026, 18:01

ШҚО-да 1200-ге жуық көпқабатты үй жаңа басқару жүйесіне көшті

17.04.2026, 17:48

Цифрлық дәуірдің тұзағы: интернет алаяқтықтың жаңа толқыны пайда болды

17.04.2026, 17:31

Бөтен үйге ұрлыққа түскен күдікті ұсталды — ШҚО

17.04.2026, 16:59

Өскеменде «Біз өмір сүреміз!» халықаралық инклюзивті фестивалі өтіп жатыр

17.04.2026, 16:25

Енді Ұлттық бірыңғай тесті бір рет қана тапсыруға болады

17.04.2026, 15:27

Оқушылар заманауи технологиялардың қыр-сырын меңгерді — Өскемен

17.04.2026, 15:14

Тоқаев панельдік сессияға қатысу үшін NEST конгресс орталығына барды

17.04.2026, 14:25

Алдағы күндері ауа температурасы +28°С-қа дейін жоғарылайды

17.04.2026, 12:20

САЙТ ТУРАЛЫ

F16.KZ - екі тілде ақпараттық-аналитикалық жаңалық беретін сайт. Біздің команда әрдайым жаңалықтың жаршысы болып, өз оқырмандарын жедел хабардар ету үшін 24/7 режимінде жұмыс істейді.

РЕДАКЦИЯМЕН БАЙЛАНЫС

Телефон: +7 707 192 4464 (WhatsApp)
Email: f16news@mail.ru

Яндекс.Метрика

БІЗГЕ ЖАЗЫЛЫҢЫЗДАР

F16.KZ әлеуметтік желілерде

  • Басты бет
  • Сайт туралы
  • Құпиялылық саясаты
  • Байланыс

© 2026. F16.KZ - Өскемен және Қазақстан жаңалықтары. Барлық құқықтар қорғалған

No Result
Барлық нәтижені қарау
  • Жаңалықтар
  • Айдарлар
    • Не жаңалық?
    • Айтпайын десең…
    • Біздің медицина
    • Білім мен ілім
    • Спорт
    • Әлеумет
    • Қылмыс
    • Өнер өрісі
    • Киелі Алтай
    • Ұзын құлақ
    • Сұхбат
    • Оқырман хаты
  • Аудан айнасы
    • Өскемен
    • Риддер
    • Катонқарағай
    • Күршім
    • Зайсан
    • Тарбағатай
    • Марқакөл
    • Самар
    • Алтай
    • Ұлан
    • Глубокое
    • Шемонаиха
  • Репортаж
    • Фоторепортаж
    • Журналист жол үстінде
    • Бейне медиа
    • Арнайы жоба
  • Шекаралық аудан
  • KZ
  • RU

© 2026. F16.KZ - Өскемен және Қазақстан жаңалықтары. Барлық құқықтар қорғалған