«Форпост» компаниялар тобы шетелдік инвесторлардың және мамандардың қолдауымен Өскеменде экологиялық жобаларға маманданған Қытайдың үш ірі компаниясының өкілдерімен кездесу ұйымдастыруды ұсынды, деп хабарлайды F16.kz порталы ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінгі күні Шығыста экологиялық жағдайды жақсарту және «жасыл» технологияларды енгізу бойынша көп жұмыс атқарылып жатыр. Өңірде өндіріс орындарының мол шоғырлануына байланысты экология мәселесі өте өзекті. Бұл проблемаларды шешу жүйелі жұмысты, заманауи технологиялар мен сенімді әріптестікті талап етеді.
Осы орайда бүгін Өскеменде аймақтың экологиялық мәселелері талқыланған жұмыс кездесуі өтті. Оған шетелдік бірнеше компания қатысты. Атап айтқанда:
Beijing SYS Science and Technology – су тазарту, экологиялық мониторинг жүйелері және экологиялық жүйелерді интеграциялау саласында бағдарламалық қамтамасыз ету мен IT-шешімдерді әзірлейтін жоғары технологиялы компания.
Anhui Shun Yu Water – ағынды суларды тазарту, су дайындау және энергия үнемдейтін экологиялық технологияларды енгізу бойынша жобаларды іске асыратын компания.
Shanghai Environmental Protection (Group) – қалдықтарды басқару, су тазарту, қоқысты кәдеге жарату және «жасыл» энергетика саласындағы ірі холдинг.
Аталған компаниялар Шығыс Қазақстанда экологиялық жобаларды әзірлеуден бастап инвестициялау мен шешімдерді іске асыруға дейінгі барлық кезеңдерге қатысуға дайын екендіктерін білдірді. Оның ішінде су тазартудың заманауи жүйелерін, энергия үнемдейтін технологияларды және тұрақты инфрақұрылымдық шешімдерді енгізуге әзірліктерін байқатты.
Халықаралық әріптестікті дамыту өңірдің экологиялық жүктемесін азайтып, халықтың өмір сапасын жақсартуға, сондай-ақ облыстың инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал ететін маңызды қадам болады, — деді кездесуде ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.