Жарты айдан кейін жаңа оқу жылы басталады. Ал еліміздің кейбір өңірінде мектептерді жөндеу жұмысы әлі жүргізіліп жатыр. Үкімет басшысы Олжас Бектенов 1 қыркүйекке дейін білім мекемелерінің бәрі балаларды қабылдауға дайын болу керектігін шегелеп тапсырды, деп хабарлайды F16.kz.
Үкімет отырысында Премьер-министр еліміздің мектептерінде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды. Бірқатар өңірде 34 мектептің жөндеу жұмысы баяу екені айтылды. Атап айтқанда, Алматы қаласы, Абай, Ұлытау, Батыс Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстары.
Аталған өңір әкімдері жөндеу жұмыстарының сапасын және мерзімінде орындалуын тікелей бақылауына алсын. Сонымен қатар физика, химия, биология, роботты техника сияқты арнаулы кабинеттерді дер кезінде сатып алу да өзекті мәселе. Қыркүйек айына дейін кемінде 200 пәндік кабинетті жабдықтау қажет, – деп атап өтті Олжас Бектенов.