Жыл басынан бері облыста балалардың терезеден құлауы жиілеп кетті. Жақын күндері облыс орталығында тағы бір жазатайым жағдай тіркелді, деп хабарлайды F16.kz.
Көкжал Барақ көшесінде төртінші қабаттың терезесінен ата-анасының қарауынсыз қалған 2021 жылғы қыз бала құлап кеткен.
Айта кетейік, өңірде жыл басынан бері жеті оқыс оқиға тіркеліп, үш бала көз жұмған.
Көп жағдайда ата-аналар пәтердің терезесін ашық тастап, баланы қараусыз қалдырады. Балалар өте белсенді. Қас-қағым сәтте жазатайым жағдай болуы мүмкін. Сондықтан арнайы құрылғыларды орнату өте маңызды. Біз ата-аналар арасында тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, — деді ШҚО ТЖД ТЖ алдын алу басқармасының бастығы Арман Наурызбаев.
Одан бөлек ШҚО ТЖД құтқарушылары көпбалалы отбасылар арасында да профилактикалық рейдтер мен акцияларды тұрақты негізде өткізіп отырады.
Қауіпсіздік мақсатында департамент құрылыс компанияларының бірімен меморандумға қол қойған. Келісімге сәйкес компания тұрғызып жатқан көпқабатты тұрғын үйлерде балаларға арналған құлыптау және арнайы қорғаныс құрылғылары орнатылады.
Десе де ШҚО ТЖД мамандары ескертеді:
— Үйде кішкентай бала болса, терезелерді ашық қалдырмаңыз;
— Жиһазды терезенің жанынан алыс қойыңыз;
— Терезеге аранйы қорғау құрылғылары орнатылуы керек;
— Бала терезені өздігінен аша алмайтындай болуы керек;
— Баланы терезеге шығуға үйретпеңіз;
— Москит торы баланы құтқармайды, керісінше қауіпті болуы мүмкін.