Өскеменде өткен Ғазиз Байтасов атындағы ХХ мерейтойлық Жас жол инспекторларының слётінде Қазақстан және ТМД елдерінің үздік командалары анықталды, деп хабарлайды F16.kz.
Ішкі істер министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған шараға алғаш рет Қырғыз Республикасынан өкілдер қатысты. Еліміздің барлық өңірінен келген жүздеген оқушы мен шетелдік қонақтар жол қозғалысы ережелерін білу, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша білімдерін көрсетіп, шығармашылық және тәжірибелік сайыстарда бақ сынады. Атап айтқанда, «Білімпаздар турнирі», «Жас реттеуші», «Велосипедті мәнерлеп жүргізу», «Автоқала», «Жас санитар», «ЖҚЕ білгірлері» және «Үгіт бригада» атты кезеңдерде өнер көрсетті. Қатысушылар тәртіп пен жоғары дайындық деңгейін ғана емес, жолдағы қауіпсіз мінез-құлықты насихаттаудағы шығармашылық қабілеттерін де көрсетті.
Сондай-ақ «ЖЖЕ білгірі» аталымында үздік нәтиже көрсеткен және жол қозғалысы мәдениетін арттыруға белсенді үлес қосқан полиция қызметкерлері де марапатталды.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Ерлан Омарбеков қатысушыларды құттықтап, сөз сөйледі.
Сіздер – еліміздің болашағысыздар. Бүгіннен бастап жолдағы мәдениетті қалыптастырып, құрдастарыңызға ережелер қағаз жүзіндегі шарт қана емес, қауіпсіздіктің берік негізі екенін түсінуге көмектесіңіздер. Бір кездері мен де ЖЖИ жасағының командирі болдым. Бұл тәжірибе менің кәсіби жолымның бастауына айналды, – деді департамент басшысы.
Мемлекетаралық есепте бірінші орынды Қазақстан құрамасы, ал екінші орынды Қырғызстан командасы иеленді.
Республикалық есепте І орынды Қостанай облысының жас жол инспекторлары отряды жеңіп алса, ІІ орынды Ақмола және Қарағанды облыстарының командалары місе тұтты. Үздік үштікті Алматы қаласы, Абай және Солтүстік Қазақстан облыстарының командалары түйіндеді. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге гироскутер, ноутбук, планшет, смарт-сағат, телескоп және өзге де заманауи құрылғылар табысталды, әрбір қатысушыға естелік ретінде сөмке мен монопод сыйға тартылды.
Қырғыз Республикасының өкілдеріне екі елдің ведомстволары арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін «Қазақстан полициясына 30 жыл» төсбелгісі табыс етілді.
Мерейтойлық слёт ЖЖИ қозғалысының көшбасшылықты, жауапкершілікті және заңға құрметпен қарауды қалыптастыратын шынайы мектеп екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.