Өскемен қалалық №2 сотында білім бөлімінің бұрынғы басшысына қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды F16.kz.
Сот материалдарынан анықталғандай, азамат Э. танысы Б.-ға «Өскемен қаласының білім бөлімі» ММ-не аудармашы қызметіне орналасуды ұсынған және жұмыс істемей-ақ аудармашыға төленетін еңбекақыны өзінің банк картасына аударып отыруды сұраған. Қылмыстық пиғылын іске асыру үшін ол білім бөлімінің басшысы С.-ға жүгініп, көмектесуді өтінген. Екеуі жақсы қарым-қатынаста болғандықтан С. өтінішті орындауға келіскен. Сотталушылардың қылмыстық әрекеті салдарынан Өскемен қаласының білім бөліміне 1 394 458 теңге көлемінде материалдық залал келтірілген.
Сот отырысында айыпталушылар өз кінәсін мойындамай, өздерінің әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрам жоқ екенін алға тартып, ақтауды сұрады. Жәбірленуші тарап жазаны соттың қарауына қалдырды, алайда келтірілген залалдың өтелмегенін айтты.
Сот бұл қылмыстарды сыбайлас жемқорлық сипатында жасалды деп есептеп, айыпталушыларға тиісті жаза кесті. Қылмыстың қоғамдық қауіптілік дәрежесін, залалдың өтелмеуін және басқа да себептерді ескере отырып сот азамат Э.-ға Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 3-бөлігі, 2-тармағы бойынша 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Ал азамат С.-ға Қылмыстық кодекстің 361-бабы, 1-бөлігі бойынша 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ екеуіне де өмір бойы лауазымды мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыру түрінде қосымша жаза берілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.