Облыс орталығындағы Өнер музейінде грузиялық жас суретші Кристина Ахалаяның «Бір соқпақта» атты жеке көрмесі ашылды, деп хабарлайды F16.kz.
Көрмеде анималистика мен қалалық пейзаж жанрындағы 40-тан астам акварель, майлы және акрил бояуларымен салынған туындылар ұсынылды.
«Бір соқпақта» көрмесі – суретшінің пейзаж бен анималистикаға деген терең қызығушылығын айқын көрсететін ерекше жоба. Суретшінің қылқаламынан туған әрбір туындысы – нәзік эстетикасымен және терең философиялық мазмұнымен ерекшеленеді.
Көрменің ашылу салтанатына қатысқан суретші Николай Павлович, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Ольга Плотникова және қала тұрғындары «Бажова көшесіндегі жаз», «Стрелкадағы мұнаралар», «45-ші дәріхана алдында», «Лихарев көшесіндегі Андреев шіркеуі», «Ушанов алаңы», «Жағалау» сынды Өскеменнің көрікті жерлері бейнеленген түрлі пейзаждарды тамашалап, картиналар жайлы өз ойларымен бөлісті.
Бұл көрмені өткізгім келген себебім – өз жұмыстарыммен, дәл осы қалада, Өскеменде салған көріністермен бөліскім келді. Мен бұл қалаға келгенде, қаланың архитектурасына, табиғатына тәнті болдым. Сол сәттен бастап Өскемен көшелерінің, қаланың көріністерін салуға шабытым оянды, – дейді суретші Кристина Ахалая.
Айта кетейік, «Бір соқпақта» көрмесі 3 тамызға дейін жұмыс істейді.