Облыс орталығының уақытша ұстау изоляторларында санитарлық талаптар сақталмаған. Бұл туралы қалалық прокуратураның тексерісі нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайды F16.kz.
Өскемен қаласының прокуратурасы «Заң және тәртіп» республикалық акциясы аясында уақытша ұстау изоляторларында азаматтардың құқығының қаншалықты сақталатынын тексерді.
Жыл басынан бері қылмыстық қудалау органдары 138 адамды ұстап, 97-сін уақытша ұстау изоляторларына қамауға алған. Прокуратура уәкілетті органдардың мамандарын тарта отырып, уақытша ұстау изоляторындағы азаматтарды ұстау жағдайларына жоспарлы тексеру жүргізді. Тексеру барысында санитарлық-тұрмыстық талаптардың және ұстау режимінің сақталуына қатысты бірқатар заңбұзушылық анықталды, – делінген қалалық прокуратура ақпаратында.
Қадағалау іс-шараларының нәтижесінде жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.