Өскемендік жас жігітті ұрлап, аяусыздықпен ұрып, артынша денесін ауруханаға тастап кеткен екі күдікті Алматыда ұсталды, деп хабарлайды F16.kz.
14 шілде күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қаласы полиция департаментімен бірлесіп күдікті топтың екі мүшесін ұстау бойынша операция жүргізді.
Естеріңізге сала кетейік, оқиға маусым айының басында болған. Бір топ адам жас жігітті алдымен аяусыз соққыға жығып, артынша денесін ауруханаға апарған. Облыстық полиция департаменті кісі өлтіру фактісін растады. Оқиғаға қатысы бар 3 күдікті бірден қолға түсіп, артынша тағы бір күдікті ұсталған.
Ал, екі күдіктіге іздеу жарияланған.
Оларға қатысты екі айға қамауға алу бұлтартпау шарасы тағайындалды. Уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сондай-ақ іздестіріліп жатқан адамдарды қасақана жасырып жүрген Алматы қаласының тұрғынын қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі де шешілуде. Қылмыстық кодекстің 432-бабына сәйкес, қылмыс пен қылмыскерлерді жасырғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз, — деді ҚР ҰҚК баспасөз қызметі.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.