Бүгін арнайы жұмыс тобы өскемендік кәсіпкерлер мен есепшілерге жаңа Салық кодексін түсіндірді, деп хабарлайды F16.kz.
Биыл 18 шілде күні Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бүгінде құрамында ҚР Қаржы министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті және «Атамекен» ҰКП өкілдері бар арнайы жұмыс тобыс құрылып, халыққа Заңды кеңінен түсіндіру жұмыстары басталды.
Бүгін облыс орталығында өткен көшпелі семинар барысында қатысушыларға жаңа Салық кодексінің негізгі ережелері егжей-тегжейлі таныстырылды. Қосылған құн салығын, корпоративтік және жеке табыс салығын есептеу мен төлеуге қатысты өзгерістерге ерекше назар аударылды.
Айта кетейік, Заңда салықтық әкімшілендіруді жаппай жеңілдету көзделген. Мәселен салықтық нысандар саны 36-дан 25-ке дейін, ал салық түрлері 45-тен 36-ға дейін азайды (–20%). Қосымша құн салығы бойынша да жеңілдік 70 пайыздан 80 пайызға ұлғайтылды
Жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер көп кәсіпкерлерді қызықтырады. Шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері де тарапынан да сұрақтар туындап жатыр. Ауылшаруашылығы саласындағы азаматтарға да тиімді, арнайы жеңілдіктер қарастырылады. Ол туралы да бүгінгі семинарда толыққанды айталды. Мұндай түсіндіру жұмыстары осымен тоқтап қалмайды. Облыс көлемінде де арнайы жұмыс тобы құрылып, аудандардағы кәсіпкерлерге жаңа Салық кодексі түсіндіріледі, — деді ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев.
Семинар қатысушылары да 2026 жылғы қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексінің тиімді тұстары көп екенін айтады. Әсіресе кәсіп бастау, жүргізу немесе бизнесті көлеңкеден шығаруға ықпалы зор.
Жаңа Салық кодексіне енгізілген өзгертулер мен жеңілдіктер туралы ақпарат алу үшін арнайы келдім. Заң жобасы ұсынылған уақытта көп сұрақтар туындағаны рас. Осы орайда біз сияқты кәсіпкерлер мен мекеме есепшілері керек ақпаратты уақытылы алатын болса кез келген өзгеріске дайын боламыз. Мәселен, арнайы салық режимі 7 пайыздан 3-ке дейін қысқарады. Ол арқылы есепшінің жұмысы да 3 есеге азаяды, тоқсан сайын тапсыратын құжаттарды жылына тек бір рет тапсыру және ескертпелер уақытының да қысқаруы да біз үшін өте тиімді, — дейді «Esep.kz» ЖШС басшы-есепшісі Айнара Мүлікова.
Семинар соңында кәсіпкерлер тарапынан түрлі сауалдар қойылып, өзекті сұрақтарға толық жауап берілді.