Өскемендегі химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мақтанышы, халықаралық білім додаларының жеңімпазы Батыр Ержанұлы жоғары марапатқа ие болды. Ол Ақорда төрінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан марапат алды, деп хабарлайды F16.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің атын халықаралық аренада әйгеліп жүрген жас зияткерлерді қабылдап, олардың табандылығы мен білімге деген шексіз ұмтылысын жоғары бағалады. Салтанатты рәсімге 24 үздік оқушы – төрт алтын, 11 күміс және тоғыз қола медаль иегері қатысты. Олардың қатарында өскемендік Батыр Ержанұлы да бар.
Батырдың соңғы бір жылдағы жеңістерін мақтанышпен айтуға болады. Ол Ресейдің Сочи қаласында өткен халықаралық олимпиадада алтын медаль иеленсе, жуырда Филиппиннің Кесон-Сити қаласында ұйымдастырылған биологиядан IBO-2025 беделді халықаралық олимпиадасында қола медальды қанжығасына байлады. Бұл жетістіктер оның білім мен ғылым жолындағы қажырлы еңбегінің, ұстаздарының кәсіби шеберлігінің және ата-анасының шексіз қолдауының жемісі.
Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебі Батырдың бұл марапатын зор қуанышпен қабылдап, оның болашақта әлі талай белесті бағындыратынына сенім білдірді. Батырдың табысы – білім мен еңбектің, табандылық пен арманның тоғысқан жеріндегі жеңіс.