Перизат Қайрат пен оның анасының ісі сотқа жіберілді. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды F16.kz.
Қылмыстық іс Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралады. Сот процесінің ашық немесе жабық өтетіндігі әзірге белгісіз.
Қадағалаушы орган өкілдері Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға Қазақстан азаматтарынан және ұйымдарынан 3 млрд-тан астам теңге жымқырды деген айып тағылып отыр.
Бұл қаражат Қазақстандағы су тасқынынан және Таяу Шығыстағы қақтығыстан зардап шеккендерге, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларға қайырымдылық көмек көрсету үшін деген сылтаумен жиналған, – деп мәлімдеді Бас прокуратура.
Былтыр 14 қарашада Астанада Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының басшысы Перизат Қайрат ұсталған. Ол қаржы жымқырды деген күдікке ілінді.
Былтыр желтоқсанда Перизат Қайраттың мүлкіне шектеу қойылды.