ШҚО-да биыл 30 маусымға дейін көлік салығы бойынша өңір тұрғындарының қарызы 498,9 миллион теңгеге жеткен. 12 мыңнан астам көлік салығын төлемеген, деп хабарлайды F16.kz.
Жыл басынан бері облыста 447 рейд жүргізіліп, нәтижесінде 582 азамат 10,9 млн теңге көлеміндегі қарызын өз еркімен өтеген. Ал жеке сот орындаушыларына 311,1 млн теңгеге 9 865 атқарушылық бұйрық жолданып, олардың ішінен 7 691-ы бойынша берешек толығымен төленді.
Салық кодексіне сәйкес, көлігі бар әр тұрғын келесі жылдың 1 сәуіріне дейін төлеуі керек. Ақпан-наурыз айларында салық органдары өткен жыл үшін салықты автоматты түрде есептеп, мәліметті eGov порталы, Мемлекеттік кірістер комитетінің сайты мен Kaspi және Халық банкі қосымшалары арқылы жолдайды. Соған қарамастан азаматтар салықты уақытынан кешіктіріп отыр, — дейді Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.
Салықтан жалтарғандар қалай жазаланады?
Қарызды өз еркімен төлемеген жағдайда салық органдары ескерту жібереді. Егер ол нәтижсе бермесе, қатаң шара қолданылады.
Іс жеке сот орындаушыларына жолданады. Ал, олар банк картасын бұғаттап, елден шығуға тыйым салуы мүмкін. Сондай-ақ Салық кодексінің 116-бабына сәйкес, көлік жүргізу құқығын шектеп, мүлікке тыйым салу секілді әрекеттерді заң аясында іске асыра алады. Әр күн үшін өсімпұл да есептеледі, — деп түсіндірді Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері.
Бүгінгі таңда Мемлекеттік кірістер басқармалары борышкерлермен жұмыс жүргізуді күшейту үшін облыс әкімдігіне арнайы хат жолдаған. Онда аудан және қала әкімдерінен салық төлеушілерге хабарламаларды жеткізуге көмектесу және қосымша шаралар қабылдауды сұраған.