Мемлекеттік кірістер комитеті биылғы 15 наурыздан бастап «Salyq кэшбэк» пилоттық жобасын іске асырып келеді. Жоба аясында тұрғындар чекті сканерлеп, кэшбэк ала алады, деп хабарлайды F16.kz.
Ондағы негізгі мақсат – құқықтық мәдениетті қалыптастырып, фискалдық чекті талап ету маңызын түсіндіру және көлеңкелі экономикаға тосқауыл қою.
Әрбіз азамат микро немесе шағын бизнес өкілінен ККМ арқылы фискалдық чек алған жағдайда, сатып алу сомасының 2%-ы мөлшерінде кэшбэк ала алады, — делінген хабарламада.
Ол үшін:
- Фискалдық чекті алу
- «Amian» қосымшасында сканерлеу
- Айына 20 000 ₸ дейін сыйақыны картаға немесе мобильді шотқа алу қажет.
Жоба бірінші болып Семей, Ақкөл қалаларында жүзеге асты. Нәтижесінде, чектер саны 2 есе артып, жалпы сома 32%-ға өскен.
Биыл жобаға Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары қосылған.
Биыл шілде айындағы көрсеткіштерге тоқталсақ, 2 378 азамат жалпы сомасы 62,6 млн теңге кэшбэк алды. Чектер саны 13%-ға, ал сома 18%-ға артты, — деді ведомство өкілдері
Естеріңізге сала кетейік, «Amian» қосымшасы арқылы «Чек талап ет — сыйлық ұтып ал!», «Бәйге» (ең көп чек жинағандарға 100 000 теңге сыйақы), Halyk Bank-пен бірлескен акцияларға (ай сайын 100 000 бонус) қатысуға болады.
«Amian» қосымшасы App Store және Google Play-де қолжетімді.
Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтарды қолма-қол емес төлемдерді дамытуға, бизнестің ашықтығына және салық тәртібінің артуына ықпал ететін жобалар мен акцияларға белсенді қатысуға шақырады.