Қазақстанның көлік министрі болып Нұрлан Сауранбаев тағайындалды, деп хабарлайды F16.kz Ақорданың Telegram арнасына сілтеме жасап.
Тиісті Жарлыққа бүгін, 2025 жылғы 30 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлан Ермекұлы Сауранбаев Қазақстан Республикасының Көлік министрі лауазымына тағайындалды, – делінген ресми хабарламада.
Естеріңізде болса, биылғы 8 маусымда Президент Жарлығымен Марат Қарабаев көлік министрі лауазымынан босатылған.
АНЫҚТАМА
Нұрлан Сауранбаев 1967 жылы Жамбыл қаласында туған. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Мұнай өнеркәсібін оқыту орталығын (Италия) бітірген. Мамандығы бойынша экономист, мұнай әкімшілендіру магистрі.
Ол 2010-2011 жылдары «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы орынбасарының кеңесшісі; басқарушы директоры болды.
2011-2014 жж. – индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі.
2014-2016 жж. – қорғаныс министрінің орынбасары.
2016-2017 жж. – ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындау және өткізу мәселелері жөніндегі штабтың ұйымдастыру комитетінің басшысы.
2017-2018 жж. – Шымкент қаласының әкімі.
2019-2021 жж. Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі болды.
2021 жылы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалады.