Абай облысының орталығы Семей шәрінде заманауи жекпе-жек сарайы мен мұз арена салынады, деп хабарлайды F16.kz.
Жекпе-жек сарайын Мемлекет басшысының қолдауымен Абайдың 180 жылдығына арналған «Абайға құрмет» акциясы аясында Ақтөбе облысы тарту етпек. Нысан Заря шағын ауданында ірге тебеді. Үш қабатты жекпе-жек сарайы ашылғаннан кейін онда бокс, күрес, дзюдо сынды спорт түрлерінен жарыстар өткізуге мүмкіндік туады.
Сонымен қатар осы ауданда зәулім мұз сарайы да бой көтереді. Бұл қала тарихындағы алғашқы мұз аренасы болмақ.
Аймақ басшысы қала құрылысының бас жоспарға сәйкес жүзеге асатынын және сол жағалауды дамытуға ерекше назар аударылып жатқанын атап өтті. Ол бұл аумақта халық тығыз орналасқанын айтып, тұрғындар үшін әлеуметтік және спорттық нысандар салу маңызды екенін жеткізді.
Бұрынғы стадион орналасқан кең аумақ екі ірі спорт кешенін қатар салуға толық жеткілікті. Мұндай нысандар бұқаралық спортты дамытуға тың серпін береді, – деді Берік Уәли.