Семейде Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндік мерейтойлық шаралар аясында «Абай QUIZ» республикалық зияткерлік ойыны өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Зияткерлік сайыстың ашылуында сөз сөйлеген Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов бұл куиз еліміздің интеллектуалдық ойындар тарихындағы ерекше оқиға болғанын атап өтті.
Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен, 10 өңірден келген 180 команда, 1080 зияткердің қатысуы – Қазақстанның интеллектуалды ойындар тарихындағы ерекше оқиға. Біз бүгінгі рекордтық деңгейдегі шараны ұйымдастыра отырып интеллектуалды ұлт ретіндегі мүмкіндігімізді тағы бір айшықтаймыз деп ойлаймын, — деді ол.
Зияткерлік ойынға еліміздің 10 өңірінен 1 080 ойыншы қатысты. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола, Атырау, Маңғыстау, Жамбыл және Абай облыстарынан 180 команда өзара бақ сынады. Бұл көрсеткіш республикалық деңгейде ұлттық рекорд ретінде Қазақстан рекордтар кітабына ұсынылады.
Зияткерлік сайыс жеті кезеңнен тұрды. Әр кезеңде Абай мұрасы мен әр түрлі салаларға байланысты тақырыптар қамтылды. Ойын барысында қатысушылар ой ұшқырлығы мен білім деңгейін сарапқа салды. Сайыстың жалпы жүлде қоры 4,7 миллион теңге болды. Жүлделі бірінші орынды «Brainstorm» (Астана), екінші орынды «Алматы Микс» (Алматы), үшінші орынды «Тұрақсыз тіркестер» (Семей) командасы иеленді.
Жеңімпаз командаға 1 миллион теңге берілді. Сонымен қатар үздік өнер көрсеткен командаларға түрлі номинациялар бойынша марапаттар табысталды.