Биыл Шығыс Қазақстан облысында жалпы ауданы 380 мың шаршы метр болатын тұрғын үйлерді қолданысқа беру жоспарланған. Оның 285 мың шаршы метрі Өскеменде салынған. Бұл туралы облыс әкімдігінің мәжілісінде құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Руфат Акрамов мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Ел игілігіне берілетін баспаналардың 67%-ы көпқабатты болса, 33%-ы жеке тұрғын үйлер.
Басқарма басшысының айтуынша, биылғы бірінші жартыжылдықта өңірде 146 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы 234 мың шаршы метр баспана өз иелерін табады.
Биыл жалпы ауданы 40 мың шаршы метр болатын 539 жалдамалы пәтер сатып алу көзделген. Бұл 229 көпбалалы және 310 әлеуметтік осал топтағы отбасыны үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Руфат Акрамов.
Бүгінде «Бір қабатты Шығыс» жобасы аясында салынатын 350 пәтердің 304-інің құрылысы жүріп жатыр. Бірақ Алтай, Үлкен Нарын және Ұлан аудандарында түрлі себептерге байланысты 46 пәтердің құрылысы басталмаған. Бұл жағдай үйлерді уақтылы қолданысқа беруге және жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізуге кедергі келтіреді.
Жыл басынан бері Зайсан және Күршім аудандарында жаңадан салынған 11 пәтерде қоныстой тойланса, Глубокое ауданында алты пәтер пайдалануға беруге дайын тұр.
2022 жылдан бері 11 несиелік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр, оның тоғызы жыл соңына дейін дайын болады. Алайда құрылысты аяқтау үшін облыстық бюджеттен қосымша қаржы қажет.
Бұдан бөлек биыл Өскеменде жалпы ауданы 59 мың шаршы метр болатын тоғыз үйдің құрылысы басталады, сондай-ақ Зайсан ауданында 3 мың шаршы метр болатын 30 пәтер сатып алу жоспарланған.
Жиын барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов тұрғын үйді уақтылы пайдалануға беруді қамтамасыз етуді, әсіресе Алтай, Үлкен Нарын және Ұлан аудандарында құрылыстың кешеуілдеуін жоюды тапсырды.