Шығыс Қазақстан облысында 64 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шығыс Қазақстан облысы Жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Брифингте Жер қатынастары басқармасының биылғы 7 айдағы жұмысының қорытындылары жарияланды.
Баспасөз мәслихатында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесі де сөз болды. Белгілі болғандай, жыл басынан бері өңірде 64,2 мың гектар жер қайтарылған. Оның басым көпшілігі жалдау мерзімінің аяқталуына не жер пайдаланушылардың өз еркімен бас тартуына байланысты. Бұл бағыттағы жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2022 жылдан бастап жүргізіліп келеді.
– Қайтарылған жерлердің 99%-дан астамы – аудан және қала әкімдіктерінің жұмысының нәтижесі. 2022-2024 жылдар аралығында жалпы ауданы 343 мың гектар болатын жер мемлекетке қайтарылды, оның 70 мың гектары қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына енгізілген. Жерлердің бір бөлігі халыққа, ал тағы бір бөлігі агроқұрылымдарға конкурс арқылы берілген, – дейді Н.Михейлис.
Оның айтуынша, 2025 жылдың бірінші жартысында облыс бойынша кәсіпкерлік мақсатына жер сату бойынша 39 аукцион өткізілді. Нәтижесінде, жалпы ауданы 31 гектарға жететін 53 жер учаскесі сатылып, бюджетке 45,5 миллион теңге түсті. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 13,9 мың гектар жер 16 конкурс арқылы 101 жер пайдаланушыға берілді.
Халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша да жұмыс жүргізілуде. 7 айда басқарма 15 мемлекеттік қызмет көрсетті, оның ішінде жалдау мерзімін ұзарту және іздестіру жұмыстарын жүргізуге рұқсат беру секілді қызметтер де бар. Құжаттардың толық еместігіне және өтініштердің құзыретке сай болмауына байланысты мамандар 22 өтініш бойынша қызмет көрсетуден бас тартқан.
Жер қойнауын пайдалану бағытында да жұмыс жүріп жатыр. Жыл басынан бері жалпы ауданы 72,5 гектар болатын 11 жер учаскесі бойынша материалдар дайындалып, облыс әкімдігінің 8 қаулысы қабылданды және жалға беру шарттары жасалды.
– Облыстық жер комиссиясы 4 отырыс өткізіп, 16 материалды қарады. Соның ішінде 15-і бойынша жер пайдалану құқығын беру мақұлданып, 1 өтініш жердің бос болмауына байланысты қанағаттандырылмады, – деді басқарма басшысы.