2023 жылғы наурыздан бастап күшіне енген «ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң аясында Шығыс Қазақстанда 6 491 адам соттан тыс банкроттық рәсіміне өтініш берген, деп хабарлайды F16.kz.
Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік кірістер департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өтініштердің 4 671-і қабылданбаған, 1 078-і қаралу үстінде. Қазір 742 азамат банкрот деп танылып, олардың жалпы көлемі 2,1 млрд теңгеден асатын қарызы (банктерге, микроқаржы ұйымдарына және коллекторларға) есептен шығарылған.
Сот арқылы банкроттық рәсім де қарастырылған. Бұл жолды таңдаған азаматтардың қарызы 1600 АЕК-тен жоғары немесе мүлкі бар болуға тиіс. Сотқа 126 өтініш түсіп, оның 50-і қабылданған. Қазір 20 іс сотта қаралып жатыр, ал 29 адам ресми түрде банкрот деп танылды. Бұл топтың жалпы қарызы 6,3 млрд теңгеден асады.